ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ
Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бағаларды тұрақтандыру жұмыстарының нәтижесінде, жыл қорытындысымен баға индексі 100,6%-ды құрап, Түркістан облысы бағаны тұрақтандыру бойынша өңірлер арасында 2 орынға шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес инфляция көрсеткішін жыл қорытындысымен екі есеге төмендету тапсырмасы аясында облыс бойынша өткен жылдың қаңтар айында инфляция көрсеткіші 21,1%-ды құраған болса, жыл қорытындысымен 10,2%-ға дейін төмендеді. Аталған саладағы мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы азық-түлік қорын бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен бірге өңірде салынып жатқан көкөніс сақтау қоймасының құрылысын уақтылы аяқтау керектігін жеткізді.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын қалыптастыруға тиісті қаражат бөлінді. Жұмысты сапалы атқаруды жалғастыру керек. Екіншіден, көкөніс сақтау қоймасының құрылысын уақтылы аяқтаңыздар. Жоспарды өзгертіп, созбалаңға салып келесіздер. Егер жұмысты уақтылы жүргізе алмаса, оны орындайтын басқа адам іздеу қажет, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша 2024 жылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Тұрақтандыру қоры арқылы қажетті қорлар жасақталды. Азық-түлік тауарлары өңірдегі халық көп шоғырланатын ірі дүкендерге, базарларға, жәрмеңкелерге жеткізіліп, маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға жұмсалмақ. Нақтырақ айтсақ, көкөніс өнімдері бойынша есептелген қажеттілік 6 376 тонна болса, шаруалармен жасалған келісімшарттар – 10 136 тонна. Жинақталған қор тұрғындардың тұтыну қажеттілігін 159%-ға қамтамасыз етуге жетеді. Өңірде күріш, қант, қарақұмық, күнбағыс майы және ұн бойынша қор жеткілікті. Нан және ұн бағасы тұрақты. Арзандатылған бидайдан жасалған ұн наубайханаларға төмен бағада босатылып (50 кг – 7 350 теңге, 1 кг – 147 теңге), нан бағасы әлеуметтік дүкендерде 85-90 теңгеден сатылуда. Жалпы, Тұрақтандыру қорында 32 мың тонна қор бар.
Азық-түлік тауарларын тұрғындарға қолжетімді бағада ұсыну үшін әлеуметтік дүкендер және супермаркеттердегі әлеуметтік бұрыштардың саны артуда. Қазіргі уақытта Түркістан және Кентау қалаларында 30 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Қосымша 20 әлеуметтік дүкенді іске қосу бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар барлық аудан және қала орталықтарынан 2 әлеуметтік дүкеннен орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ондағы азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан орташа есеппен 20-30% төмен сатылуда.
Облыс көлемінде бағаны негізсіз өсірмеу бойынша арнайы комиссия жұмыс істейді. Өткен жыл бойынша комиссиямен 108 факті қаралып, әкімшілік айыппұл салу үшін тиісті органдарға жолданды. Нәтижесінде, бағалар қалыпқа келтірілді. Комиссия жұмысының тиімділігі бойынша Түркістан облысы елімізде алдыңғы үштіктің қатарында.
Жиында Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Картоп, қырыққабат, пияз өсіруге бөлінетін субсидия көлемі еселеп артқан. Өңірге 7763,2 тонна бидай жеткізілген. Жалпы жеткізілген бидайдан, 5 434 тонна ұн өндіріліп, 1391 тоннасы қажеттілікке орай (келісі 147 тг) наубайханаларға таратылған. Көкөніс және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамту жұмыстары жалғасады.