МЕГАПОЛИС МЕДИЦИНАСЫН КҮШЕЙТУ ҮШІН…

174

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі 400 төсек орындық қалалық №2 ауруханаға барып, ұйымның жұмысымен танысты. Күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңғыртылған ауруханада өткен жылы 21 мыңнан астам пациент ем алған. Тимур Сламжанұлы қабылдау бөлімі, сәулелі диагностика, ангиография кабинеті мен инсульт бөлімшесінің жұмысын қадағалап, соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған КТ кабинеттері мен жансақтау бөлімін аралады. Бірінші вице-министр мұнда медициналық көмек көрсету сапасының, әсіресе емхана мен ауылдық медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) объектілеріне пациенттерді диспансерлік есепке алу және емдеу, қан айналым жүйесінің аурулары кезінде инсульттік науқастарға медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру бойынша өзара тиімді іс-қимыл жасау мәселелеріне назар аударды.

Вице-министр бастаған делегация қалалық №1 емханасындағы тіркеу орны, егу, күндізгі стационар мен процедуралық кабинеттерді аралап, дәрігерлермен пікір алмасты. Емхана жыл сайын 45 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда Тимур Сұлтанғазиев аурулардың профилактикасы, скринингтік зерттеу жүргізудің тиімділігін арттыру, пациенттерді уақтылы диспансерлік есепке алу жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, пациенттерді қолдау қызметінің рөлін бастапқы деңгейде жандандыруды ұсынды.

Т.Сұлтанғазиев жоғарыда аталған медициналық ұжымдармен кездесуден соң, онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау бойынша жұмысты күшейтіп, МСАК-тың озық тәжірибелерін кеңінен қолданысқа енгізуді және әкімдікпен бірлесе отырып, медициналық мекемелерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесінің шешімін табуды тапсырды. Сондай-ақ, ұйымдар менеджментінің тиімділігін арттыру, жаңа технологиялар мен жұмыс әдістерін енгізу қажет екенін тілге тиек етті.