«РЕЗИДЕНТУРАҒА 2500 ГРАНТ БЕРІЛЕДІ»

251

Іс-сапар барысында бірінші вице-министр Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына барып, оқу үдерісімен және мұражай жұмысымен танысты. Мұражайында Академия құрылған 1979 жылы бергі тарихи деректер мен естеліктер жинақталып, сақталған. Сонымен қатар, Т.Сұлтанғазиев анатомия дәрісхана-мұражайына барып, медициналық білім берудің негізі саналатын заманауи үлгідегі муляждармен танысты. Сондай-ақ, ол академияның тест орталығында болып, қорытынды емтихандар жүйесінің әдістемелік және технологиялық мүмкіндіктерін бағамдады.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының базасында мегаполис тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Іссапар қорытындысы ретінде жергілікті өңірлік коммуникациялар алаңында брифинг өткізді.

Қала жұртшылығымен кездесуде Т.Сұлтанғазиев медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін күшейтуге, пациенттердің құқықтарын қорғауға, қоғамдағы дәрігерлер мәртебесін нығайтуға бағытталған заңнамалық жаңалықтар туралы хабардар етті. Сондай-ақ, ведомствоның амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту, кадр саясаты, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру нәтижелері туралы баяндады.

Тимур Сламжанұлының айтуынша, «Аңасаған сәби» бағдарламасы шеңберінде 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген. Осы бағдарламаның қолданылуына байланысты 2022 жылы Шымкентте 413 квота бөлініп, 214 әйел жүктілікке қол жеткізген. Нәтижесінде 90 отбасы бала сүю бақытына ие болған.

Кездесуге қатысушылар емханаларда тіркелу, амбулаториялық-емханалық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, қала тұрғындары оңалту емін алу үшін стационарға орналасу, емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы бейінді бөлімше қызметін ұзақ күту, ересек тұрғындарға стоматологиялық көмектің қолжетімді ету мәселелері қозғалды.

Ал, жеке қабылдау барысында азаматтар диспансерлік есептегі науқастарды дәрілік препараттармен уақтылы қамтамасыз ету, диагностика жасау және диспансерлік есепке алу тәртібіне қатысты көкейтесті сауалдарын жолдады. Әсіресе, шымкенттіктер республикалық клиникалар деңгейінде мамандандырылған медициналық көмек алу, санаторийлік-курорттық емделуге жолдама алу, онкологиялық диагнозбен стационарлық ем алу мәселелерін көтерді. Тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарына бірінші вице-министр толық түсініктеме беріп, бейінді департаменттерге жүгінген азаматтарға тиісті көмек көрсетуді тапсырды.

Брифинг барысында Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерге 100-ге тарта маман жетіспейтіні айтылды. Мегаполисте акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, балалар дәрігеріне сұраныс жоғары. Сонымен қатар, онкологиялық орталықтар цитолог, морфолог сынды сирек мамандарға зәру.

Ресми деректерге сүйенсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі маман тапшылығы мәселесін шешу үшін былтыр бюджет есебінен 4 700 білім грантын бөлуге ықпал еткен. Оның 74 гранты Шымкент қаласына беріліп отыр. Ал, жергілікті бюджет есебінен биыл 2,5 мыңға жуық дәрігер мен 9 мыңнан астам медбикені оқытып, біліктілігін арттыру жоспарланған.

— Кадр мәселесі бойынша дәрігерлерді дайындауға бағытталған квота көлемі ұлғайтылды. Мәселен, Мемлекет басшысы 3 жылдың ішінде резидентураға қосымша 70 пайыз грант беріп отыр. Ал, биыл резидентураға 2500 грант беріледі, — деді Т.Сұлтанғазиев.

Сапар соңында Тимур Сұлтанғазиев жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерінің жалпы тәжірибелік дәрігердің жолдамасынсыз бейінді мамандарды қабылдауын ұйымдастыру, кадр тапшылығын шешу жолдары мен емханаларды медициналық техникамен жарақтандыруға қатысты сұрақтарына жауап берді.