ҚАЛА ӘКІМІ ҮНДІСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

86

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Үндістан Республикасының Қазақстандағы Елшісі Тантипамула Венката Нагендра Прасад және Үндістан Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Котаваде Свапнил Шарадпен кездесті.

Жиында қала басшысы екіжақты байланыс орнатуға дайын екенін білдірді.

 – Қош келдіңіздер! Сіздермен жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз! Біздің қала – елімізде үшінші мегаполис. 2200 жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Біздің мақсатымыз – қаланың көркін арттырып, бәсекелестігі жоғары қалаға айналдыру. Осы бағытта бүгінде көгалдандыру мен цифрландыруға күш салып отырмыз. Бұл ретте инвестиция тарту – маңызды бағыттың бірі. Сондықтан сіздермен әріптестік байланыс орнатуға дайын екенімізді жеткізгіміз келеді, – деді қала басшысы.

Үндістан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Нагендра Прасад екі ел арасындағы өзара ынтымақтастыққа тоқталды.

 – Үндістан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. Бірақ бұл байланыс мұнаймен ғана шектеліп тұр. Яғни, сауда-саттық, фармацевтикалық және технология саласында әріптестік байланыс кемшін. Осы тараптарды дамытуымыз керек. Мен Шымкент қаласына алғаш келіп отырмын. Кеше қаланы аралап, келбетіне тамсандым. Туризм саласын дамытуға таптырмайтын өңір екеніне көз жеткіздім. Сол себепті сіздерге «Ақылды қала» жобасын әкелдім, – деді Нагендра Прасад.

Сондай-ақ елші: «Шымкент қаласында 2 мыңнан астам отандасымыз оқып жатыр. Бұл көрсеткішті кеше студенттермен кездесу барысында білдім. Олар мұнда өте бақытты. Жайлы әрі қауіпсіз қала екенін жеткізді. Медицина саласын оқығаннан бөлек, қазақ тілін үйреніп, сіздердің мәдениеттеріңізбен танысып жатыр», – деп ыстық ықыласын білдірді. Сонымен қатар, Нагендра Прасад мырза Шымкент қаласымен бауырлас қала орнатқысы келетіндіктерін аңғартты.

Қала әкімі «Ақылды қала» жобасы қызықтыратынын айтып, бауырластық қала орнатуға дайын екенін жеткізді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі