ТҮРКІСТАНДА ІІ ТҮРКІ УНИВЕРСИАДАСЫ БАСТАЛДЫ

184


6 қараша күні Түркістанда ІІ Түркі универсиадасы басталды. Бауырлас елдердің спортшы өрендерінің басын қосқан доданың ашылу салтанаты «Керуен сарай» кешеніндегі «Show arena» ғимаратында ұйымдастырылды.
Салтанатты жиында Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркі елдерінің басын қосқан спорт додасының маңызды екенін атап өтті.
– Түркі әлемінің рухани астанасы, қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Өздеріңізге құшағын ашып, көңілін жайып отырған қаламыз – ежелден түркі әлемінің маңызды орталығы болған. Бүкіл түркі дүниесіне әйгілі ойшыл, ұлы ұстаз – Қожа Ахмет Ясауи осы шаһарда өмір сүрген. Түркістан – бірнеше ғасыр Қазақ хандығының астанасы болды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында қазақтың 21 ханы, сұлтандары мен батырлары жерленген. Бүгін осы қасиетті топырақта бауырлас елдерімізді қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Түркі елдерінің екінші универсиадасы жоғары деңгейлі халықаралық жарысқа айналып отыр. Бүгін түркі әлемінің 6 мемлекетінен талантты спортшылар жиналды. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! Сіздер сан ғасырлар әлемді мойындатқан Ер түріктің ұрпағысыздар! Осыдан 3 күн бұрын елордамыз Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті өтті. Оған түркі мемлекеттерінің басшылары қатысып, бауырлас елдер арасындағы татулықты нығайту жолындағы маңызды шешімдер қабылдады. Екінші Түркі Универсиадасының да мақсаты – осы. Біз барлық бауырлас елдермен жан-жақты қарым-қатынасты нығайту үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Түркі елдерін жақындататын ауқымды жобаларды жалғастырамыз. Баршаңызды Универсиаданың басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Біздің жастарымыз әлемдік жарыстарда әрқашан жеңіске жете берсін! Түркі әлемі жасай берсін! – деген Дархан Сатыбалды жарысты тарихи шаһарда өткізуге қолдау көрсеткені үшін Түркі мемлекеттері ұйымы мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығына алғысын білдірді.
Жарыстың ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алдымен «Спорт, спорт» хореографиялық театрландырылған композициясы көрермен назарына ұсынылса, «Ынтымақ мекені» хореографиялық театрландырылған қойылым арқылы түркі елдерінің бірлігі насихатталды. Сонымен бірге Түркістан облысының талантты өнерпаздары «Қазақ елі осындай», «Түркістан», «Ақ қурай», «Тұран даласы» әндерімен жұртшылықтың рухын оятты.
Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының студент спортшылары арасындағы ІІ Түркі универсиадасына Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Мажарстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 500-ге жуық спортшы қатысуда. Олар шахмат, үстел теннисі, волейбол, дзюдо, футзал, грек-рим күресі, еркін күрес спорт түрлері бойынша жүлделерді сарапқа салады. Сайыстар «OLIMPIC CENTER» спорт кешені мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өтіп жатыр. Түркі универсиадасы 10 қарашаға дейін жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі