АУДАННЫҢ БАҒЫ АУЫЛМЕН АШЫЛАДЫ

160

«Алтын күз» мерекелік шарасы алдымен ауданның ауыл шаруашылық саласындағы атқарылып жатқан жұмыстары мен жеткен жетістіктері туралы бейнефильм арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан соң мерекелік жиынды аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Садибаев сөз сөйлеп, ауыл шаруашылық саласының еңбеккерлерін толайым табыстарын айта келе, мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында жемісті қызмет атқарып жүрген бір топ азаматтарды аудан әкімінің алғыс хаты және бағалы сыйлықтарымен марапаттады. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылық саласы бойынша озат ауылдық округтер қатарынан көрінген 3 ауылдық округі әкімі марапатталды. Атап айтсақ, жүлделі 3 орынды Жүйнек ауылдық округінің әкімі Төребай Абдікәрімов алса, 2 орынды Иассы ауылдық округінің әкімі Санжар Тұрметов ие болды. Ал, Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Саитов 1 орыннан көрінді. Сонымен бірге аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев ауыл шаруашылық еңбеккерлерін «Алтын күз» мерекесімен құттықтап, бір топ азаматқа алғыс хат пен сый-сияпаттарын табыстады.

Ауданның басты болашағы – ауыл шаруашылығы саласы. Сауран ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы басты міндеттерінің бірі Түркістан мен Кентау қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жұмыстары ерен. Аудан бойынша биылғы жылдың он айында ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ, ауыл шаруашылық саласында жыл басынан 91 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі — 100,3% құрады.

Оның ішінде егін шаруашылығы — 65,9 млрд. теңге болса, мал шаруашылығы — 24,6 млрд. теңгені құрады. Биылғы жылы 44082 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,6% артық.