ЕСКІНІ ЖАҢАРТЫП, СӘНДІ ЕТЕТІН ШЕБЕР

128

Үйде көненің көзіндей сақталып, тастауға қимай жүрген сүйегі мықты заттарыңыз болса әлде де қоқысқа лақтыруға асықпаңыз. Оның түбірін естелік ретінде қалдырып, реставрациялауға яки екінші жаңа өмір сыйлауға болады екен. Реставрация, өздеріңізге мәлім, ескірген, тозған дүниені қайта қалпына келтіру, жөндеу, жаңарту. Ал осындай ескі заттан жаңа бұйым шығарып, тапсырыс берушіні таң қалдыратын һәм қуантатын қолы ісмер адамдар бар екен. Ендеше, таныстыра кетейік, он саусағынан өнер тамған шебер, Сауран ауылдық округі Ынталы елдімекені Майдантал ауылының тұрғыны Нармаханов Бауыржан Қалмаханұлы.

Жоғарыда айтқандай, ескі заттарды жөндеп, әрін келтіретін, жаңалап беретін Бауыржанның бұл кәсібі ауыл-аймаққа кеңінен танымал. Өзінің негізгі мамандығы теміржол диспетчері. Жұмыс бабымен Алматы қаласына барып, жиһаз жасайтын компанияда 12 жыл талмай жұмыс істеп, жиһаз өңдеу ісінің қыр-сырын әбден меңгереді. Кейін ауылға оралып, өз үйінен жиһаз дайындауды қолға алады. Әуелі ескірген диван-креслоларды, шкафтарды бұзып, сыртын жаңалап қаптаудан бастайды.

«Бітер істің басына – жақсы келер қасына» демекші, бұл игі істе Бауыржанға қолқанат болып отырған жандар – анасы мен жұбайы.

«Анам Орал қаласында тігіншілік оқу орнын бітірген. Сондықтан тігіншілік істен хабары мол. Мен диванды қаптайтын маталарды өзім өлшеп, пішіп, қиып беремін, анам әрі қарай тігуді жалғастырады. Осылайша үйден ашылған цехімізде үшеуіміз диван-креслоларды жаңалап, ескі сандықтарды қазіргі стильге айналдырып жатқан жайымыз бар. Жұбайымның мамандығы химия пәнінің мұғалімі, қазір балаларға қарап отыр. Аллаға шүкір, төрт баламыз бар», — дейді кәсіп иесі өз отбасымен таныстыра келе.

Алматыда жұмыс істеген жылдары жиһаз жасаудың кәсібін толық меңгеріп, бүгінде өз пайдасына асырып отырған кәсіпкердің бұйымдарына ауылдан тапсырыстар жақсы түсетін көрінеді. Келе-келе Майдантал ауылынан бөлек, көршілес ауылдардан сұраныстар арта бастайды. Қолынан іс келетінін түсініп, әрі қарай кәсібін дамытуды ұйғарған Бауыржан Қалмаханұлы мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасы арқылы бағын сынауды жөн көреді. Мұнда өз жобасын қорғап, 1380 000 теңге грантқа қол жеткізеді.

«Осы кәсіп, бәлкім мені табысқа жетелейтін істің бірі болар деп ойлаймын. Қолдан шыққан жаңа дүниелерді жасап болғаннан кейін өзіміз де қуанып кететініміз рас. Тапсырыс берушілер де риза. Алғыстарын айтып алып кетеді. Сонымен қатар сандықтарды да реставрациялаймын. Тапсырыс берген тұтынушылар кейде «мынау шынымен менің сандығым ба?» деп таңданып жатады (күліп). Адамдар қалап жатса, сандықты жаңадан жасар едім. Бұл бұйым қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі емес пе? Қыз жасауы үшін сандыққа тапсырыс беріп жатса, заманауи кейіпке ендіріп дайындау қолымнан келеді.

Негізі қолыңнан іс келсе, сол бойынша ізденіп, сүйікті ісіңді табыс көзіне айналдыруға болады. Міне, енді, Алла қаласа мемлекеттен алынған қаражатқа цехке қажетті құралдар алып, кәсібімді кеңейтсем деймін. Бұрағыш дрельдерге тапсырыс бердім, одан бөлек электр арасы, бұрғы, бекітетін түрлі бұрандалар, шеге, степлер т.б. заттар қажет», — дейді өз ісіне шынайы берілген кәсіп иесі.

Расында, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деп бекер айтылмаған екен-ау. Өз ауылынан баршаға тиімді іспен айналысып отырған берекелі шаңырақты көріп шаттанасың. Тиімді деуіміздің себебі, ауыл адамдарына Бауыржан көрсетіп отырған қызметтің бағасы да қонымды, сапасы да өзгеден кем емес. Ал ауылда ата-әжелерімізден қалған қаншама сүйегі мықты шифонер дей ме, сандық дей ме, тумба дей ме – көненің көзі болған соң сары майдай сақталатыны анық. Келіні тастайын десе, апасы қимай, «шіркін-ай, атамның ұстағаны, енемнің көзі» деп көңілі қимай тұратындары жасырын емес. Осындайда Бауыржан шеберге барып, кеңесіп, өз ойыңыздағыдай жаңалатып алсаңыз – бәрі де риза болатыны сөзсіз.

Несібелі ҒАЙБҰЛЛАҚЫЗЫ.