ҮШҚАЙЫҚ АУЫЛ ОКРУГІ «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚОСЫЛАДЫ

63

Бұл туралы аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округ тұрғындарымен болған кездесуде айтты. Бұған дейін пилоттық жобаға аудан бойынша төрт ауыл округ қосылған болатын. Енді Үшқайық ауыл округі бойынша ауыл шаруашылығы бөлімі тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 175 жоба қабылданып, оның ішінде 691,7 млн. теңгені құрайтын 119 жобаның несиесі мақұлданды. Жоба бойынша 6 бағытта 2,5 пайызбен несие алып, кәсіп бастауға болады.

Үшқайықта тұрғындардың өтініш талаптары кезең-кезеңімен шешімін табуда. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 119 862,4 мың теңгеге Теке елді мекеніндегі Ә.Молдағұлова, Абай, Үсенов, Бейбітшілік, Д.Қонаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, С.Қожанов елді мекеніндегі су тарату станциясына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалынды.

Жиын барысында тұрғындардың көтерген мәселесіне аудан әкімі ретімен жауап берді.

— Мен сіздерге қолымнан келетін тірлікті ғана жасай аламын деп уәде беремін. Менің міндетім бөлінген қаржыны қарымды игеру, жұмысты ұйымдастыру. Біз заңнан айналып өтіп кете алмаймыз. Шешуге шамамыз келмейтін істерге біз уәде бере алмаймыз. Қазір аудандағы ағымдағы жөндеуді қажет ететін коммуналдық саланың мәселесін І-тоқсанға дейін толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ауданда тозығы жеткен нысандар көп. Қайта қалпына келтіруге көп күш кетеді. Сіздерге рақмет. Барлығын сабырмен күтіп отырсыздар. Мәселені қысқа мерзімде шешу жолдарын қарастырып жатырмыз,- деді Мақсат Асылбекұлы жиын барысында.

2024 жылы қоғам қайраткері Н.Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толады. Тарихи тұлғаның мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге аудан әкімі тиісті бөлімге пәрмен берді. Шешімін таппаған әлі де біршама жұмыстар бар. Оны да әкім жасырған жоқ. Халықтың сұрағанын дер кезінде шешуді бөлім басшыларына тапсырды. Есепті кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселесімен қабылдады. Шешімі бар мәселелерге қатысты жауабын сол жерде берсе, кейбірін жауапты бөлім басшыларына тапсырды.