БАЛА КҮТІМІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ТӨЛЕНЕТІН ЖӘРДЕМАҚЫ МЕРЗІМІН 3 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ҰЗАРТУ ҚАЖЕТ

57

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев толық емес отбасылар мен жалғызбасты аналарға ғана емес жалғызбасты әкелердің де әлеуметтік қорғалуы туралы мәселені көтерді.

Мәжіліс депутаты Қайрат Рахымұлы Прьемер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға аталған мәселе бойынша депутаттық сауал жолдады. Ол өз сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Отбасы мәселесіне үнемі қолдау танытып жүргенін атап өтті.

— «AMANAT» партиясы толық емес отбасылардың, асыраушысынан айырылған отбасылардың және жалғызбасты аналардың, жалғызбасты әкелердің әлеуметтік жағдайын қолдау, ол отбасыларындағы балалардың қалыптасып, дамуы туралы жүйелі шараларды жүзеге асыруға байланысты бірқатар ұсыныстарды енгізеді, — деді депутат.

Ұсыныстардың қатарында төмендегідей мәселелер бар:

  1. Қазақстандағы барлық әйел мен жалғызбасты әкелерге бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мерзімін 3 жылға дейін ұзартуды ұсынамыз.
  2. Жұмыссыз жалғызбасты аналар және жалғызбасты әкелердің бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшерін заңда бекітілген күнкөріс минимумына теңестіруді сұраймыз.
  3. Жалғызбасты аналар және жалғызбасты әкелердің балаларына мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін кезекте басымдық беруді, мектептерде спорт секцияларына және шығармашылық үйрмелерге тегін қатысуын қамтамасыз етуді, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға кәсіби бағдар жұмысының бағдарламасын қабылдап, грант негізінде білім алып, еңбекке араласуын қарастыратын бағдарлама қабылдауды сұраймыз.