САУРАНДА СПОРТ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

68

Түркістан облысы спорт басқармасына қарасты Сауран ауданы №1 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, Түркістан облысы спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Мүслімова, қысқы спорт түрлерінен Түркістан спорт клубының директоры, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Данияр Исабаев, ҚР Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, аға әділет кеңесшісі, ардагер-спортшы Асқар Сапарғалиев, ауыл қариялары жиналған көпшілікті спорт мектебінің ашылуымен құттықтады.

«Бүгін міне, қуанышты сәттердің куәсі болып отырмыз. Өйткені, ауылдық округте «Әшірәлі ата» спорт кешенінің салтанатты ашылуына қатысып отырмыз. Аудан бойынша осы спорт мектебіне қарасты мектептерде 1080 бала спорттық секцияға қатысса, бұл спорт мектебінде 240 бала жаттығатын болады. Бұл нысан ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануда және салауатты өмір салтын қалыптастыруда алар орны ерекше және тиер септігі мол болмақ. Сондықтан осындай спорттық шараларға жастарды көптеп тартуда барынша жүйелі жұмыстар атқарып, жұмыстарды үйлестіруіміз қажет», — деді Серік Өмірханұлы.

Сонымен қатар, шара барысында аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев Түркістан облысында волейболдан жасөспірімдер арасындағы өткен жарыста жүлделі орыннан көрінген жаттықтырушыларды арнайы кубок пен мақтау қағаздарымен марапаттады.