ШЫМКЕНТТЕ 800-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТ ЖҰМЫС БЕРУШІ МЕКЕМЕЛЕРДЕ ТЕГІН КӘСІПТІК БІЛІМ АЛДЫ
Шымкентте азаматтарды жұмыспен қамту шаралары қарқынды. Алайда, еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық және кәсіптік сала мамандарының тапшылығы байқалады. Сол себепті қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының ұйытқы болуымен 35 жұмыс беруші мекеме жұмыс орындарында 760 кәсіби маман даярлады. Жұмыссыз азаматтар тігін және жиһаз өндірісі, кең профильді шебер құрылысшы, электрші, дәнекер және токарь мамандықтары, шаштараз, маркетинг-мерчендайзер сынды еңбек нарығында сұранысқа ие көптеген кәсіптерді тегін меңгерді.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясындағы кәсіптік оқытудың ұзақтығы 3 ай мерзімді құраған. Қатысушыларға қосымша шәкіртақы мен бір реттік материалдық көмек төленді. Оқу сәтті аяқталғаннан соң бітірушілерге сертификат табысталып, жұмыс берушілер оларды әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыруда.
Жалпы, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет. Халықты жұмыспен қамтумен қатар, отандық өндірісті дамытуға үлкен қолдау ретінде қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жыл сайын ұйымдастырылуда. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жұмыссыздарды кәсіптік оқуға жолдау биыл қыркүйек айында басталған болатын. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту https://skills.enbek.kz/ платформасы арқылы да жүзеге асырылады.