ШЫМКЕНТ ӘУЕЖАЙ АЙМАҒЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТЫҢ БАСПАНАСЫ БҰЗЫЛМАЙТЫН БОЛДЫ

71
Шымкент қаласындағы әуежайдың санитарлық қорғау аймағында орналасқан нысандарға қатысты шешім өзгерді
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғаббит Сыздықбеков өзінің инстаграм парақшасында мәлімдеді.
Шаһар басшысының айтуынша тиісті құқықтық-нормативтік актілер бойынша әуежайдың санитарлық қорғау аймағы 100 метрге дейінгі қашықтықты алып жатуы шарт. Оған әуежай маңындағы 139 гектар жер кіреді.
Ал аталған аймақтағы 307 жер телімінде тұрғын үйлер орналасқан. Жоғарыда аталған мәселені шешу мақсатында осы айтылған 307 жер телімін мемлекет мұқтажына қайтарып алу жөнінде кезінде қаулы қабылданған. Алайда, бұл мақсатқа 30 миллиард теңге қажет.
Осыған байланысты « мемлекет мұқтажына қайтарып алуға байланысты бөлінетін қаржы қала бюджетіне салмақ түсіретіні анықталды. Сол себепті, Шымкент әуежайына санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қашықтықтан жаңа ұшу-қону жолағын салу туралы шешім қабылданды»-деді қала әкімі
Қабылданған шешім аясында жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін «Qazaq City Stroy» ЖШС-імен меморандум түзілді.
Әуежайдағы жаңа ұшу-қону жолағының ұзындығы — 3 300 метр, ал, ені — 45 метр болады.
Сондай-ақ, қала әкім Ғабит Сыздықбеков қабылданған шешімнің нәтижесінде халықтың баспанасы бұзылмайтындығын, сонымен бірге мемлекет қаржысы да үнемделіп, әуежай заманауи ұшып-қону жолағына ие болатындығын да атап көрсетті.