ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ ЖАЗҒАН БАЛАЛАРДЫҢ ТІЛЕГІ ОРЫНДАЛДЫ
Дәстүр бойынша Жаңа жыл қарсаңында еліміздің барлық аймағында «Тілектер шыршасы» орнатылады. Сол жерге балалар өз тілектерін жазып қалдырады.
Биыл аталған жоба аясында Мемлекет басшысының атына Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген хат келді, соның ішінде көп балалы отбасынан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі және жетім балалардан 100-ден астам тілек жолданды.
Балалардың хаттарына жауап берген Президент оларды Жаңа жылмен құттықтады. Сондай-ақ бұл ертегідей ерекше мереке екенін атап өтіп, бүлдіршіндерге өз атынан арнайы сыйлықтар жіберді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Президентке жаңа жылдық хат жазған №45 мектеп-гимназиясының оқушысы Мадина Арзиеваны арнайы құттықтады. Мерекелік сыйға телефон сұраған жасөспірім қызға Мемлекет басшысының құттықтау сөзі жазылған ашық хаты мен сыйлықтары табысталды.
Қалада Президентке мерекелік хат жолдаған 5 балаға өз өтініштері бойынша сыйлықтар берілді. Жаңа жыл қарсаңында кішкентайларға 3 телефон, шана мен шағын робот сыйға тарту етілді. Арман-тілектері орындалған балалар ризашылығын білдіріп, ерекше қуанышқа бөленді.