ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

110

Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев маңызды саланы жетілдірудің негізгі бағыттары туралы баяндады.

Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекемелер, оның ішінде 36 емхана бар. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызметтер, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары, 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары жүргізіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 млннан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. Стационарлы көмек 2 млн-ға жуық көрсетілген, оның ішінде 547 291 емделушіге ота жасалған.

Өңірде бірнеше медициналық нысан құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған.

— Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарға қажеттілік бар. Аталған мәселені шешу үшін инвесторлар тартылуда. Биыл 8 аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу басталады. Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді аудан аралық аурухана болып бейінделеді. Осы аталған ауруханаларда таза аймақтың болуы міндеттелген. Осыған сәйкес, Жетісай, Ордабасы, Сайрам аудандарында және облыстық клиникалық ауруханасында және Кентау қалалық ауруханасында таза аймақ құратын боламыз. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сервистік моделін енгізуді ұсынамыз. Сервистік модель пациентке бағытталған болады. Яғни, қызмет көрсету сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін жақсарту, Этика және деонтологияны жақсарту, Халықпен коммуникацияны арттыру және Технологияларды жетілдіру бойынша ісшаралар жүргізілетін болады, — деді басқарма басшысы.

Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілді. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде.

Отырыста тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде облыстың практикалық денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар мен медициналық қызметтер, халық денсаулығының индексін ұлғайта отырып, профилактикалық медицина мен ерте диагностиканы дамыту және маңызды көрсеткіштерді жақсарту, Денсаулық сақтау басқармасының инновациялық медициналық жүйесін құруға қол жеткізуге болатыны жайлы айтылды.