БОКСТАН ИТАЛИЯДАҒЫ ЛИЦЕНЗИЯЛЫҚ ТУРНИРГЕ (29 АҚПАН-12 НАУРЫЗ) КІМДЕР БАРАДЫ?

90

29 ақпан мен 12 наурыз аралығында Италияның Бусто-Арсицио аймағында бокстан лицензиялық турнир өтеді. Әр салмақта жартылай финалға шыққан боксшылар Париж Олимпиадасының жолдамасын қалтаға салады.

Осы орайда, команданың бас бапкері Мырзағали Айтжанов лицензия сарапқа салынатын жарысқа кімдер қатысатынын айтты.

«Олимпиадаға іріктеу турниріне елдегі соңғы Спартакиаданың жеңімпаздары қатысады. Алты боксшыны жарысқа қосамыз. Ал Азия ойындарында жолдама мәселесін шешіп қойған Қамшыбек Қоңқабаевты жаттығу жиынына жіберуді ойластырдық. Біз алға қойған мақсатымызды алдымен Италияда, кейін Тайландта орындауға күш саламыз. Әрбір ел өз боксшысының жолдама алуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатады. Сондықтан, Италияда жолдама ала алмай қалған боксшыны ауыстырып тастаймыз деп алдын ала айта алмаймын. Бәрін уақыт көрсетеді», — деді Айтжанов.

Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Азиз Қожамбетов тек қана 63,5 келіде таңдау болатынын жеткізді.

«Бұл салмақта Ертуған Төренов пен Мұхаммедсабыр Базарбайұлының біреуі баруы мүмкін», — деді ол.

2023 жылы қарашада өткен Қазақстан спартакиадасында чемпион болған боксшылар:
Сәкен Бибосынов (51 кг, Түркістан облысы),
Махмуд Сабырхан (57 кг, Шымкент),
Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63 кг, Түркістан облысы),
Талғат Шайкен (71 кг, Ақмола облысы),
Нұрбек Оралбай (80 кг, Астана),
Айбек Оралбай (92 кг, Астана).

Еске салайық, бұған дейін Данияр Елеусіновтің әуесқой боксқа оралып, Олимпиада жолдамасын беретін жарысқа баратыны туралы қауесет тараған болатын. Яғни, команда капитаны Асланбек Шымбергеновтің бұл жолы да Олимпиадаға бара алмайтыны айтылған. Дегенмен, Қазақстан бокс федерациясының өкілдері бұл апаратты жоққа шығарды. Италияда өтетін лицензиялық турнирде 71 келіде ел намысын Шымбергеновтің өзі қорғайды.

Қазіргі таңда боксшылар лицензиялық турнирге дайындығын бастап кетті. Алматыда бас қосқан еліміздің былғары қолғап шеберлері алдымен жалпы дене жаттығуына көңіл бөледі. Ал турнир жақындағанда отандық атлеттер арнайы физикалық дайындығын бастайды.

Оқу-жаттығу жиыны кезінде Қазақстан құрамасы-Иран және Әзербайжан спортшыларымен бірігіп жаттығады.
Сабит Тастанбек
Журналист