«БАЗАРДАҒЫ КІТАПХАНА» ЖОБАСЫ САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСТЫ
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жолға қойылған «Базардағы кітапхана» жобасы Сарыағаш ауданында жалғасты. Жоба аясында қалалық «Дәулет» сауда орталығында кітапхана пункті ашылды. Кітапхана бөлімшесінің ашылуында Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев және «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ қорға кітап сыйға тартып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мұнда 1500-ға жуық әдебиет ұсынылған, олардың қатарында кәсіпкерлікті дамытуға және балаларға арналған әдебиеттер, көркем шығармалар, сонымен қатар газет-журналдар да қамтылған. Кітапхананың жылжымалы пунктіндегі кітап қоры оқырман сұранысы бойынша жаңартылып, жүйелі түрде газет-журналдармен қамтамасыз етіледі. Сауда орталығына күніне 1000-ға жуық тұтынушы келеді, ал кітапхана бір мезетте 5 оқырманға қызмет көрсетеді.
Түркістан өңірінде жалпы 39 базарда 7 мыңнан астам кәсіпкер тұрғындарды тауарлармен қамтамасыз етуде. Ал аймақ бойынша 396 кітапхана, сондай-ақ «Ашық кітапхана» жобасымен әкімшілік ғимараттарда 15, басқа нысандарда 8 кітапхана пункті жұмыс істеп тұр.
Айта кетейік, өткен аптада «Базардағы кітапхана» жобасы аясында Түркістандағы «Қуаныш» сауда орталығында кітапхана пункті ашылған болатын. Мұнда 1700-ден астам кәсіпкер жұмыс істейді. Бүгінде кітапхана қызметтерін пайдаланушылар қатары артуда. Мұндай жоба кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға, тұлға ретінде қалыптасуына үлес қосып, креативті идеялардың тууына мүмкіндік бермек. Кітапхана қызметі білімге қолжетімділікті, мәдени құндылықтармен алмасуды, оқырман арттыруды көздейді. Оқуға жайлы орта жасап, оқырманмен тығыз байланыс орнатып, келушілердің уақытын тиімді өткізуіне ықпал етеді.