“ОТЫРАРДА ОРЫСШАСЫН ҰМЫТҚАН ОРЫС ТҰРАДЫ…”

913

Қазақтан келін алып, немере қызын қазаққа ұзатқан
Бочаровтар отбасы Түркістан облысы, Отырар ауданында тұрады. Ол, қазақ халқын жатсынбай тату –тәтті өмір сүріп, достықтарын жарастырып жүрген өзгеге үлгі боларлықтай отбасы. Ауданымызда онға жуық өзге ұлттар тұратын болса солардың бірі де бірегейі Бочаровтар отбасы. “Ұлты орыс болғанымен жанымыз қазақ”-дейтін Валера ағамыздың отбасына бара қалсаң құдды бір қарапайым қазақтың отбасына кіргендей сезінесің. Қазақша сөйлегендері былай тұрсын, қазақша мақал-мәтелдеп сөйлегеніне сүйсінесің. Бұл отбасын танитындар «олар орысшаны ұмытып қазақ болып кеткен» деп әзілдесетірі бар. Валера ағамыз бен Таня жеңгей алдымен немере қыздарын қазақтың жігітіне тұрмысқа берді. Салтқа, ұлтқа бөлінбеген Бочаровтар әулеті қыздарын қазақтың салтына сай ұзату тойымен бірге құдалық сынды жөн-жоралғыларын жасап шығарып салды. Қазақ тілін жетік меңгерген бұл отбасының ең кіші ұлы Андрей де қазақтың бір аруын келін қып алып келді. Андрей болашақ жарымен бір досының үйіне асқа барғанда танысқан екен. Содан көңілдері жараса келе отбасын құруға бел байлаған. Үйдің еркесі Андрейге ата-анасы да қарсы болмай ақ баталарын берген.
Қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған бұл отбасы беташар жасап, ауыл-аймақты шақырып келіннің бетін ашты. Келін алғанда жасалатын барлық іс-шараны бір кісідей атқарды. Бүгінде Андрей мен Қаншайым екі ұлдың ата-анасы.
«Бізге қазақтардың салтымен келін алып,қыз ұзату қиынға соқпады. Өйткені көршілеріміз, жора-жолдастарымыз жалпы жақындарымыздың барлығы дерлік қазақ ұлтынан. Солармен араласа жүріп қазақтың барлық салт-дәстүрлерін үйрендік. Қыз беріп, келін алғанда құда шақырдық. Оларға кит қойып, әке ақысы, ана сүті, қалың мал деген сияқты жолдарын жасадық. Біздің туысқандарымыз да құдаларымызды шақырып жолын жасады. Біз жалпы Қазақстанда,оның ішінде киелі Отырар жерінде тұрып жатқанымызға қуаныштымыз. Өзіміздің жақын туысымыздай болып кеткен қазақ бауырларымызға алғысымыз шексіз» дейді Таня апа.
Ұлты орыс болғанымен жанымыз қазақ дейтін Валера ағамыздың отбасына бара қалсаң құдды бір қарапайым қазақтың отбасына кіргендей сезінесің. Аулаға кіргеннен келіннің сәлемі, қазақтың қазан-ошағы, қорада бұзаулы сиыр мен қозылап жатқан қойлар. Бұл әулетті әрбір қазаққа үлгі боларлықтай отбасы деп атауға тұрарлық.

Шолпан Дүтбаева,
Түркістан облысы
Отырар ауданы