ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ЖАС СПОРТШЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗ ТАСЫМАЛЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БАҒЫТЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА, ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ҚАЛАДАҒЫ МЕКТЕПТЕР МАҢЫНДА ПОЛИЦИЯ БАҚЫЛАУЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы кәмелетке толмаған спортшылардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстар атқаруда. Бұл шаралар қала әкімдігінен 2025 жылдың 17 шілдесінде жолданған тиісті тапсырмадан кейін қолға алынған.
22 шілдеде басқармаға қарасты 20 спорт ұйымына арнайы хат жолданып, балалардың жолда жүру мәдениетін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру тапсырылды. Соның ішінде жол ережелерін сақтау бойынша ақпараттық жаднамалар тарату, әлеуметтік желілерде бейнероликтер мен аудиороликтер жариялау, сондай-ақ спортшыларға түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттелді.
Нәтижесінде спорт мектептерінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Білім беру ұйымдарындағы балаларды тасымалдау жөніндегі алгоритм» негізінде оқыту және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Спортшылар мен жаттықтырушыларға жол қауіпсіздігінің маңыздылығы түсіндіріліп, арнайы акциялар өткізілді.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары – Алдабергенов Бауыржан Ғалымжанұлы мәлімдеді.
2025–2026 оқу жылы басталғаннан бастап Шымкент қаласының барлық мектептері маңында оқушылардың жолдан өту қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс атқаратын болады.
Полиция департаменті басшылығының арнайы нұсқауына сәйкес, қызметкерлер оқушылардың таңертең және сабақ аяқталған кезде мектепке келуі мен үйлеріне аман-есен жетуіне барынша жағдай жасайды. Жолдан өту кезінде балаларға бақылау жүргізіп, жүргізушілердің жол ережелерін сақтауы қатаң қадағаланады.
Бұл шаралар балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және мектепке барар жолдағы қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етуге бағытталған