АЗАТ ОРАЛБАЕВ: “ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ МАҢЫЗДЫ”

175
 Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев жұмыс сапарымен Бөржар ауылдық округіне барып, бірқатар нысандарды аралады және сапар қорытындысында ауыл әкімінің есебін тыңдады.
 Аудан басшысы алдымен Қайнар ауылының іргесінде (Батыс Қытай-Батыс Еуропа автодәлізі бойында) салынып жатқан “Мақсат” демалыс аймағымен танысты. Одан соң Қайнар ауылына кіре берістегі, жаңбыр суынан (жер астынан аққан) бүлінген облыстық маңызы бар жолдың бөлігін көрді. Сол жерде тиісті сала мамандарына жолдың бөлігін жуық арада ретке келтіруді (отырған жерлерін толтырып, тығыздап, тегістеу) тапсырды. Аудан басшысының сапары Қайнар ауылындағы “Аққұс” ЖШС-ның бөдене шаруашылғымен танысудан жалғасты. Құс фабрикасында 5 000 бас бөдене өсірілуде. Серіктестік төрағасы Шарафутдинұлы Мухибулла бөдене ұстау обьектісіне қажетті құрал жабдықтар алып, 2-3 айлық 5 000 бас бөденені Шымкент қаласынан 1 басын 800 теңгеден сатып алған. Аудан әкімі сондай-ақ Қайнар ауылының тұрғыны Шалабаев Ғабиттің етті бағыттағы құс шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша 8 600 000 теңге несие алып, оның біразына 5 890 бас балапан алып, қалған сомасына жем-шөп мәселесін шешкен.
Азат Әбдіғалиұлы Ықыластемір ауылының тұрғыны Оңалбаев Достардың қолға алған құс шаруашылығын көрді. “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша 7 000 000 теңге несие алған шаруа бүгінде 400 бас үндік өсіруде.
 Сапар соңында аудан басшысы ауылдың орталығындағы мәдениет үйінде ауыл округінің әкімі Серғали Құрымбековтің 2023 жылы атқарған жұмысы, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалуы және осы жылға жоспары туралы есебін тыңдады. Сонымен қатар, жарықтандыру, жол салу, ортақ жайылым, білім беру және т.б. бағыттар бойынша қордаланған мәселелерді шешу үшін нақты тапсырмалар беріп, халықтың сенімінен шығу мақсатында аянбай еңбек ету керектігін айтты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі