“МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ БАСТЫ МІНДЕТ”

156

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен 2024 жылға міндеттер бойынша жиын өтіп, бөлім басшысы Ардақ Талдыбаев баяндама жасады.

2023 жылы 1675 отбасыға АӘК тағайындалған. 2022 жылмен салыстырғанда өткен жылы АӘК алушылардың саны 477 отбасыға (22,1%) төмендеген. 2024 жылы халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға (жұмыспен қамту, “Ауыл аманаты” бағдарламасына, мемлекеттік грант беру (жеке кәсібін бастау) және т.б. шараларға ордабасылықтарды көбірек тарту жоспарланған. Нәтижесінде АӘК алушылардың саны біршама азаяды деп күтілуде.

Ауданда 500-нан астам мүгедектігі бар адам тұрып жатыр. Мүгедектігі бар адамдарды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдардамасы бар. Оған

3 мыңнан астам өтініш түскен. Оларға қажетті әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, техникалық оңалту құралдарын алған.

Ауданда “Қамқорлық” бағдарламасы да тиімді жүзеге асуда. Өткен жылы аталған жобаға 65 отбасы қатыстырылып, демеушілер есебінен түрлі көмектер көрсетілген. 4 отбасыға демеушілер тұрғын үй сатып алып берген.

“Шапағат” әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 2023 жылы 357 азаматқа қызмет көрсетілген. Жалпы, жиында осы және т.б бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар кеңінен баяндалды.

Бөлім басшысының есебін тыңдаған аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы әлеуметтік салаға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтатын болсақ, ауыл әкімдеріне тиісті бөліммен бірлесіп, кесте жасап, мемлекеттік және коммерциялық нысандарда, жолдарда мүгедектігі бар адамдарға жасалған жағдайларға (пандус, арнайы жолақтар, белгілер және т.б.) талдау жасауды, оларды талапқа сәйкестендіру үшін нысан иелерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ шипажайларға бұрын бармаған немесе сирек барған адамдарды (зейнеткерлерді) жолдауды жүзеге асыруды, көмекке мұқтаж азаматтарға көмек көрсету мақсатында жергілікті жерде (аудандық) қамқорлық шарасын (ерікті түрде) ұйымдастыру керектігін айтты. Сонымен қатар, ауыл әкімдері мен ішкі істер басқармасымен, салық органымен және тиісті бөліммен бірлесіп ауданда жұмыс жасап жатқан мигранттарды анықтап, есепке алуды міндеттеді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі