ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖАНДАНАДЫ

216

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында ел аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд. және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн. ағаш көшеттерін отырғызу керек екені айтылған. Осыған сәйкес, Түркістан облысында 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттері отырғызылады. Облыс әкімдігі мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бірлескен «Кешенді жоспар» аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп, ауқымды шара 5 жылда жүзеге асады. Осы бағытта облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев және басқарма басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбеков кешенді жоспардың орындалу барысын қадағалау үшін Шардара, Созақ аудандарындағы орман шаруашылығы мекемелеріне барып, аталған жоспар бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында заманауи тұқымбақтар ашу және орман шаруашылығы тұқымбақтарында өндірілетін көшеттердің сапасын жақсарту мақсатында басқарма тарапынан Шардара және Созақ орман шаруашылығы мекемелерінің теңгеріміндегі тақымбақтардың жұмысымен танысып, алдағы уақытта дамыту мәселелері талқыланды.

Басқарма басшысы облыс әкімінің тапсырмасы аясында елді мекендерде заманауи тұқымбақ ашып, жергілікті тұрғындарды ағаш егуге ынталандыру қажеттігін жеткізіп, орман қорын молайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бақылауында болатынын айтты.

Бұдан өзге Қайрат Абдуалиев Шардара ауданындағы балық өсіруші және балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлермен бас қосып, саланың болашағын талқылады. Кездесуде балық шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтіліп жатқанын айтып, балық шаруашылығын одан әрі дамыту қажеттігін жеткізді. Ауданға арнайы іссапармен барған басқарма басшысы Ақалтын ауыл округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруа қожалығында бүгінде 200 тоннаға жуық балық өндіріліп, оның 140 тоннасы сатылған. Кәсіпкер мемлекет тарапынан несие алып, шаруашылыққа қарасты балық өңдеу зауыты мен тоғанды балық шаруашылығын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Одан соң Тұрысбеков ауылдық округіне қарасты Қызылқұм каналының бойына барды. Онда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында балық шаруашылығын дамытуға ниет білдіруші азаматтарға тоғанды дайындап беру жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің арнайы техникасы жеткізіліп, тоғанды қазу жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі