МАҚСАТ ТАҢҒАТАРОВ: “МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ ӘДЕП КОДЕКСІНІҢ ТАЛАПТАРЫН ҚАТАҢ САҚТАУҒА МІНДЕТТІ”
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның апталық мәжіліс болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Онда «Өз мақсатында игерілмей жатқан жер телімдерін түгендеу барысы» туралы жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылбек Патсаев, «Шорнақ ауылдық округіне инвестиция тарту және 2023 жылы атқарған жұмыстары» бойынша Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердалы Баймұратов хабарлама жасады. Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының атқарып жатқан жұмыстары» туралы аудан әкімі аппаратының заң және құқық қорғау органдарымен жұмыс жүргізу бөлімінің бас инспекторы Рахат Тыныбек, «Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы және орындаушылық тәртібі» бойынша аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы Нұрбек Әшіров баяндап өтті.
Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы Нұрбек Тұрғанбекұлының мәлімдеуінше әдеп кодексі жалпы ережелер, мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары, қызметтік әдепті бұзудың профликатикасы бойынша үйлестіру, қызметтік әдепті бұзғаны үшін жауаптылық деп аталған бөлім бөлімнен тұратынын атап өтті.
Әдеп кодексінің басты міндеті – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профликатикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мынадай қағидаттарға негізделеді – олар адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану. Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілерге мұндай талаптар бұрынғы кодексте де қойылған. Бірақ, Кодекстің жаңа редакциясында ашықтық пен клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдық берілген. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс екенін жеткізді.
Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелерді назарға алу бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі