ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТАРЫ САРЫАҒАШ МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Түркістан облыстық мәслихатының жұмыс жоспарына сәйкес 2024 жылғы I-тоқсанда дін істері басқармасының есебін тыңдау жоспарланған. Осыған орай, арнайы құрылған уақытша депутаттық топ дін саласы бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
Зерделеу жұмыстары аясында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов және депутаттық топ Сарыағаш медресе-колледжінің жұмысымен танысты.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы мен Сарыағаш медресе-колледжінің директоры Д.Сманов депутаттарға мекеменің тыныс-тіршілігін таныстырды.
Халық қалаулылары жалпы сыйымдылығы 1200 орынға арналған үш оқу корпусын, жатақханасын, дене шынықтыру алаңдары мен Ислам орталығын, сондай-ақ ерлер мен қыздар бөлімдерін аралап көрді. Қазіргі таңда колледжде оқитын 929 студентке 70 оқытушы білім беруде.
Депутаттар оқу орнын аралағаннан кейін, арнайы жиын өткізіп, оқытушылармен пікір алмасты.
Жиында діни тұрақтылықты қамтамасыз етудегі білікті дін мамандарының маңыздылығы туралы сөз қозғады. Осы тұста, болашақ дін мамандарына сапалы білім беру, олардың бойына ұлттық құндылықтарды және адамгершілік, мейірімділік, үлкенді құрметтеу сынды асыл қасиеттерді сіңірудегі ұстаздардың рөлі де айтылды.
Өз кезегінде, Д.Сманов халық қалаулыларына оқу орданың білім сапасын көтеруге қатысты қабылданатын іс-шаралар мен алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.
Жалпы, медресе-колледждің жай-күйімен танысқан депутаттар дін саласындағы мәселелер алдағы уақытта комиссия отырысында егжей-тегжейлі қаралып, тиісті ұсыныстар жолданатындығын және мекеменің дамуына қажетті қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.
Түркістан облыстық мәслихаты