БИЫЛ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 94 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛЕДІ
Түркістан қаласындағы жолдар сапасы бойынша биыл бірқатар жоспар жүзеге аспақ. Қалалық «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің» басшысы Арман Оспанның мәлімдеуінше биыл қалада 94 көшеге (89,6 шақырым) асфальт төселеді. Одан бөлек, 2023 жылдан өтпелі бірнеше нысанның құрылысы аяқталып, биыл қолданысқа беріледі.
2024 жылдың жоспарына сәйкес, Қазыбек би — С.Ерубаев көшелері аралығына күрделі жөндеу жүргізіліп, Ж.Майкөтов көшесін Тәуке хан даңғылына қосу жұмыстары атқарылады.
Одан бөлек, Атабай тас жолын реконструкциялау арқылы 4 жолақты жол, веложол мен жаяу жүргінші жолы салынады. Б.Майлин көшесіне қосылатын Ә.Жангелдин көшесіндегі 2 шақырымға жуық жолдың құрылысы жүзеге асса, индустриалды аумақтан шығатын ауыр жүк көліктері Батыс Еуропа — Батыс Қытай автодәлізіне тікелей кедергісіз шығады. Сонымен бірге көлік және жаяу жүргіншілер жайлылығы үшін Ә.Жангелдин көшесінде көпір құрылысы қарқынды жүруде.
Жыл басынан бері №2, 4, 9, 9А бағыттарында қатынайтын қоғамдық көліктер сыйымдылығы жоғары автобустарға ауыстырылды. Соңғы үш жылдағы көрсеткіштер бойынша, шаһардағы барлық ескі қоғамдық көліктер (184 автобус) заманауи, сыйымдылығы жоғары автобустарға алмастырылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі