ШЫМКЕНТТЕ ЖАЛПЫ ҚАЛАЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫНА 500-ДЕН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСТЫ

128

8 сәуір күні елімізде республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Науқан бес аптаға созылады және әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар.

Аталған науқанға Шымкент қаласының тұрғындары да ерекше қолдау білдіріп, жұмыстарды белсенді бастап кетті.

Экологиялық акцияның алғашқы аптасы «Таза өлке» апталығы аясында қала тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын жүргізуде.

Ал бүгін Шымкентте #TazaShym атты жалпы қалалық тазалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында барлық аудандар мен елді-мекен аумақтарында тазалау жұмыстары жүргізілді.

Солардың бірі Абай ауданы аумағында өткізілді. Науқанға «Шымсити», «Тұран», «Асар» және өзге де іргелес шағын аудандарының 500-ден астам тұрғындары қатысып, 20-жуық техника жұмылдырылды.

Қатысушылар аулаларды, жер асты және жол үсті жүргіншілер жолдарын, аялдамаларды, сонымен бірге Бәйдібек би даңғылы мен А2 тас жолы бойын тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараға тұрғындармен бірге ауыл биі, еңбек ардагері, отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссияның мүшесі – О.Тәжібаева, №90 мектеп директоры – А.Орынбаев, белсенді жас – Г.Құдайберген, ардагерлер, жастар өкілдері және басқа да қоғам белсенділері мен танымал азаматтар атсалысып, қолдау көрсетті.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ.

«Таза өлке». Бірінші аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалайды.

«Киелі мекен». Екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады.

«Жасыл аймақ». Үшінші аптада көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіледі.

«Өнегелі ұрпақ». Акцияның төртінші аптасында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделеді.

«Мөлдір бұлақ». Акцияның қорытынды, бесінші аптасында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.