«КИЕЛІ МЕКЕН»: СОЗАҚТЫҚ ОРМАНШЫЛАР «ЫСҚАҚ БАБ» КЕСЕНЕСІ АУМАҒЫН ТАЗАРТЫП, КӨГАЛДАНДЫРДЫ

92

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығына «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» қызметкерлері де өз үлестерін қосып, белсене кірісті.

Табиғат жанашырлары өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру мақсатында аудан аумағындағы орта ғасырларда салынған киелі де тарихи «Ысқақ баб» кесенесінің аумағына тазалық жұмыстарын жүргізді. Тазалық шарасына облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орынбасары Ақжайық Хаметова бастаған 20-дан аса адам атсалысты.

Ауқымды шара аясында тарихи ескерткіштің ауласындағы ағаш түптері әктеліп, 70-ке жуық қарағаш көшеті отырғызылды. Бұл көшеттер орман шаруашылығында жерсіндіріліп, дайындалған.

Аталған мекеме, алдағы уақытта да аудан аумағына кіреберіс аумаққа көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Ысқақ баб кесенесі – Созақ ауданы, Баба ата ауылының солтүстік шетінде орналасқан. Түркістан өлкесіндегі беделді дін иелерінің бірі болған. Ел Ұлы ғұламалығын қадірлеп, дін қақпасы атандарған Ысқақ баб – әулиелердің сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауидің түп атасы.

Жалпы Сырлы Созақ – тарихи ескерткіштерге толған туризм мекені. Аудан ежелден тарихи-мәдени ескерткіштер мен қасиетті кесенелерге бай. Жалпы ауданда мемлекет қорғауына алынған 19 тарихи-мәдени ескерткіш бар.

Айта кетейік, басқармаға қарасты Созақ орман КММ мекемесіндегі 10 гектар суармалы тұқымбақта елді мекендерді көгалдандыруға қажетті түрлі сәндік ағаштардың және ауданға жерсінген ағаштардың онға жуық түрі өсірілуде. Биылғы жылдың көктем айларында Түркістан қаласының айналасын көгалдандыруға 10 мың түп қарағаш пен 65 мың түп сексеуіл тегін үлестірілді. Сондай-ақ Созақ ауданына 22500 түп көшет аудан елді мекендерін көгалданыру үшін мекеменің тұқымбағынан босатылып берілді.