ТҮРКІСТАНДЫҚ АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНА 6 МЛН ТЕҢГЕГЕ КӨМЕК ЖӨНЕЛТТІ
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түркістан облысы ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктер, Ассамблея мүшелері су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына белсене көмек көрсетуде.
Осы орайда, «Біздің күшіміз — бірлікте» деген ұстанымды тірек еткен «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері 17 сәуір күні Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласына 1 жүк көлігіне тиелген 10 тонна кезекті гуманитарлық көмек керуенін жөнелтті. Жүк көліктеріне негізінен азық-түлік, көрпе-төсек, су сорғыш насос, қайық, су костюмі және құрылыс материалдары артылған. Бұл орайда, өңірдегі Ассамблея жастары су тасқынынан зардап шеккендерге жалпы 6 млн теңгеге көмек жіберді.
«Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің белсенді мүшесі Нодиржон Хасантаев осындай қиын-қыстау сәтте, бір-бірімізді қолдап, көмек көрсету арқылы бұл сынақты біртұтас ел болып еңсеретінімізді айтады.
– «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» деген даналық сөз бекер айтылмаған. Осындай сын сағатта елдігіміз бен бірлігімізді көрсету өте маңызды. Бұл бастамамыз зардап шеккен отбасылардың қиындығын аз да болса жеңілдетуге, бұл жағдайды жеңіп шығуға күш береді деп сенеміз, – деді белсенді жас.
Жалпы, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер тарапынан су басқан өңірлерге 371 тонна гуманитарлық көмек жіберілген.