САЙРАМДА ОТАНШЫЛДЫҚ ҰҒЫМЫН НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДА ЭТНОС ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

100

Бүгін Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-ң Сайрам аудандық филиалының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, Ақсукент ауылында орналасқан Анвар Исмаилов атындағы кәсіптік колледжінің мәжіліс залында «Тарихтан тағылым» тақырыбында этнос жастарымен кездесу өтті.

Кездесуге тарихшы, жазушы, драматург, ақын, журналист Иброхим Туркий, ақын, жазушы Нұрғиса Төремұратов, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Асан Шоқатай, Сайрам аудандық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы әйелдер кеңесінің төрайымы Зумрад Ахмедова, кәсіби медиатор Сайера Даванова, Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапхананың кітапханашысы Бақыт Ақылбекова, С.Сейфуллин атындағы мектеп гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Назира Серперова және №31 Бәйдібек атындағы жалпы орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Аян Муратов, ақпараттық-насихаттық тобының мүшелері мен ҚХА жанындағы Ассамблея жастары қатысты.

Жиынды «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы ашып, жүргізіп отырды.

Басқосуда сөз алған А.Муратов: «Біздің халқымызда ата-мекенді ардақтау сезімі өте тереңде жатыр. Туған жерді қасиет тұту — қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным жанымызға ана сүтімен тараған, ана тілімен дарыған. Ұлы дала тарихының бір бөлшегі болып отырған Ханқорған археологиялық ескерткіші республикалық деңгейде зерттелсе, құба-құп болар еді», деп кездесудің мазмұнын тереңірек айтып өтті.

Н.Серперова өз сөзінде: «Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан ғасырға жеткен халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы. Сол ұлттық құндылықтарымыздың арқасында біз өзіміздің ұлттық қалпымызды сақтап, әлемге танылып отырмыз. Сондықтан да кешеден бүгінге сол құндылықтарымыз қалай жетті, ертеңгі күнге жеткізе аламыз ба? – деді өз ойын білдіріп.

Жиынды қорытындылаған Базарбай Мамадиярұлы: «Ұлттық құндылықтар – ұлттың қазынасы. Негізгісі жеті ата ұғымы. Жеті ата – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таралуының нақтылы жүйесі – деп салиқалы ойын жеткізді.

Кездесу барысында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарға тұшымды жауап алды.