«АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗДЫ

102

Еліміздің бірнеше өңіріндегі су тасқынына байланысты Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында 27 наурыздан бастап гуманитарлық көмек қабылдайтын штаб жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында штабтар ашылып, тұрғындардың көмектерін қабылдауда.

Қарғын су апаты аймағындағы зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созамын деген волонтерлар мен облыс тұрғындары игі іске өз үлестерін қосуда. Алғашқы күннің өзінде тұрғындар, мәслихат депутаттары, жергілікті жомарт азаматтар ең қажетті және жолға жарамды заттармен қамтып үлгерді. Бірінші жүк көлігі Ақтөбеге жеткізіліп, облыс жастары оны үлестірді. Ал кеше Түркістан облысынан гуманитарлық көмек тиелген екінші керуен жолға шықты. Қазіргі таңда түркістандықтар 30 тоннаға жуық азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек, тұрмысқа қажетті заттар жинады.

Игілікті іске Сайрам ауданындағы этнос өкілдері де үлес қосты. «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің белсенді мүшесі Надыржон Хасантаевтың айтуынша, сайрамдықтар тарапынан 100 адамға көрпе-төсек, 100 отбасыға арналған 100 қорап азық-түлік арнайы көлікке тиеліп, екі «Газел» жолға шықты. Сауапты іске «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері, кәсіпкерлер, мешіт жамағаты, «Садақа береке», «Адал көмек» қорлары, мәслихат депутаттары, еріктілер мен қайырымды жандар көмек қолын созды. Жалпы, этномәдени бірлестіктер қолдауымен зардап шеккендерге қаржылай көмек те көрсетілетін болады.

Айта кетейік, қазір Ақтөбе өңірінде Түркістан облысынан барған 5 ерікті жас жұмыс апат аймағында жұмыс істеп жатыр. Оларға қосымша кеше 10 белсенді жас аттанды. Олар апатты қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетеді.