МАҚТААРАЛДЫҚ ЖОМАРТ ЖАН ЕКІ ОТБАСЫҒА ҮЙ СЫЙЛАДЫ
Ораза айы – қайырымдылық айы. Бұл айда мақтааралдық кәсіпкер-меценаттар да қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысуда.
Белгілі меценат, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Cotton мақта» ЖШС-нің директоры Абдухашим Боев ҚХА-ның «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында пәтер жалдап жүрген көп балалы екі отбасыға баспана сыйлап, Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы аз қамтамасыз етілген 200 отбасыға азық-түлік таратты.
Кәсіпкер екі тұрғын үйді сатып алу үшін 26 миллион теңге жұмсаған. Үйлердің аумағы 15-20 сотықты құрайды. Аталған үйлер мұқтаж отбасылардың тұрғылықты жеріне қарай, бірі Мақтаарал ауылдық округіндегі Елқоныс ауылында орналасса, екіншісі Еңбекші ауылдық округіндегі Т.Жайлыбаев елді мекенінде орналасқан.
Баспаналы болған көпбалалы отбасылардың қуаныштарында шек болмады. Көп балалы аналар меценатқа шынайы алғыстарын жаудырды.
Мұқтаж отбасылардың тізімін кенттер мен ауылдық округ әкімдіктері, елді мекендердегі ауыл ақсақалдары жасақтапты. Негізінен, тізімде аз қамтамасыз етілген көп балалы отбасылар бар. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданынан бөлек, Жетісай ауданының аз қамтамасыз етілген отбасылары да азық-түлікпен қамтамасыз етілген.