АМАНАТТЫҚТАР ҚИЫНДЫҚТЫ БІРГЕ ЕҢСЕРЕДІ

14

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су тасқыны бойынша республикамыздың өңірлерінде қалыптасқан ахуалға байланысты Қазақстан халқына Үндеу арнады. Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалану керектігін тапсырып, тұрғындардың шығындарын өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруды жүктеді. Апатты жағдай орын алған аймақтарға Қазақстан Қарулы күштерінің, Ұлттық ұланның, басқа да күштік құрылымдардың қызметкерлерін көмекке жұмылдыруға бұйрық берілді.

 

Түркістан облысының тұрғындары еліміздің басқа өңірлерінде болып жатқан табиғи апаттың салдарын зор күйзеліспен қабылдап, көмек қолын созуға мейлінше бірігіп отыр. Апатты аймақтардың тұрғындарына қажетті гуманитарлық көмек жинау штабтары облысымыздың барлық 17 аудан, қаласында құрылып, игілікті іске қалың ел болып кірістік. Азаматтық бірлігімізді танытып, үйлесімді әрекет етуіміздің нәтижесінде түркістандық ағайын жұмылып жинаған көмек керуендері күн сайын еліміздің батыс өңірлеріне қарай жөнелтілуде. Осы уақытқа дейін Түркістан өңірінің мейірімді халқы су басқан аймақтарға 600 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Ерікті жастар апат аймақтарына аттанып кетті.

Міне, Түркістан қаласындағы «Экобазар» маңынан кезекті гуманитарлық көмек керуені жолға шықты. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түркістан облысы ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер, оның ішінде  Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі – 3, ал, облыстық түрік этномәдени бірлестігі 2 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекті Батыс Қазақстан облысына жөнелтті. Сонымен бірге Сайрам, Сауран, Сары-

ағаш, Отырар, Келес аудандары, Кентау қаласы тұрғындары атынан 4 жүк көлігіне қажетті заттар жиналып, жалпы Түркістан облысынан бүгінде 9 жүк көлігі және 2 Альфард, 1 Газель жолға шықты. Сондай-ақ, облыстан 50 ерікті жас арнайы автобуспен көмек беруге аттанды.

Қызыл судың қаупіне алаңдап отырған жерлестеріміздің күш біріктіруінің сан қилы статистикасына тоқталмай, бірді-екілі нақтылы мысалдарды келтіретін болсақ, облысымыздағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың аманаттық депутаттары осы мақсатта құрылған арнайы есепшотқа қаржы аударуда. Тіпті, қатардағы партияластарымыз да, оның ішінде зейнет жасындағы азаматтарымыз жергілікті бастауыш партия ұйымдарына хабарласып, қасиетті Рамазан айындағы отбасы мүшелерінің пітір садақасын қиындықта қалған ағайынның ауыртпалығын сәл де болса жеңілдетуге арнауға ниетті екендіктерін білдірді.

Ауыртпалығын бүкіл еліміз теңдей бөлісіп жатқан қайырлы істен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы да шет қалған жоқ. Алғашқылардың бірі болып, Мақтаарал ауданы жұртшылығының Мырзашөл өңірінен Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындарына арналған 100 тоннаға жуық көмек керуені аттанды. Аудандық мәслихат депутаттары 21 млн. теңге жеке қаражаттарын арнайы есепшотқа аударды. Жергілікті мәслихат депутаты, партиямыздың мүшесі Қанат Мырзахметов тасқын су орын алып жатқан ауылдарға жиналмалы қайығын алып, адамдарды, мал-мүлікті құтқаруға жәрдемші болар құрал-саймандарын жинастырып, бір түн ішінде қиындыққа тап болған ақтөбелік ағайындардың арасынан табылу үшін жолға шықты.

Партиямыздың Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәлихаттың депутаты Әділхан Асауовпен бірге партиялас депутаттарымыз  Асқар Қайназаров, Айбек Сұлтанмұрат Ақтөбе облысына арнайы барып, жерлестерінен үздіксіз келіп жатқан гуманитарлық көмекті үйлестіру және тарату жұмыстарын өз бақылауларына алды. Партиямыздың бастамасымен Мақтаарал ауданының депутаттары мен кәсіпкерлері Ақтөбе облысының Шығанақ Берсиев елді мекенінің тұрғындарын бір ай бойы ас атасы – нанмен тегін қамтуға ықылас танытып отыр. Одан бөлек, облыстық филиал атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, облыстық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының кеңесшісі Қалыйма Жантөреева Ақтөбе облысындағы қарғын судан зардап шеккен ауылдар тұрғындарының жанынан табылып, өз отбасы атынан 8 млн. теңге қаржы жобасында 100 дана түйе жүн көрпе, Түркістан эмблемасы бейнеленген 255 жылы күртеше мен 300 бейсболка жеткізіп берді.

«AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының төрағасы Еркеғали Таңатаров  бастаған аудан белсенділері  су басқан аймаққа гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігін алып кетті. Аталған көмекке аудан тұрғындарынан бөлек аманаттық депутаттардың да қосқан үлесі зор.

Иә, игілікті іске Түркістан облысының барлық аудан, қалалары үлес қосуда. Ауыл-аймақтарда волонтерлер, депутаттар, әкімдік қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер, кәсіпкерлер, жастар белсенділері, партиямыздың қатардағы мүшелері, дін өкілдері, азаматтық ұйымдардың белсенділері ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсетіп, қайырымдылық керуендерін жасақтап, жолға шығуын ұйымдастыруда.

Түркістан өңірі табиғи апаттың зардабын тартқан ағайынды қиындықта қалдырмайды, қолдау көрсетулерін одан әрі жалғастыра беретін болады. Жұдырықтай жұмыла білген халқымыз береке-бірлігін сақтай отырып, бұл тығырықтан да шығады деген сенімдеміз.

 

Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы,  облыстық мәслихат депутаты,

мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі.