ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ: “СЫН САҒАТТА ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ МЫЗҒЫМАС БІРЛІГІ АЙҚЫН КӨРІНДІ”

74

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков 1 мамыр мерекесі қарсаңында Достық үйінде “Береке – бірлікте” тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ұйымдастырылған жиынға мәслихат төрағасы, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың төрағалары, «AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысы, кәсіпкерлер палатасының директоры және бірқатар кәсіпкерлер мен волонтерлар және «Ассамблея жастары» ұйымының жетекшілері қатысты.

Қала басшысы мерекенің маңыздылығына тоқтала отырып, батыс және солтүстік аймақтардағы су тасқыны кезінде жұдырықтай жұмылған халықтың ынтымағы мен ауызбіршілігін атап өтті. Өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, жөнелтуге атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, игі іске жұмылған жандарға шынайы ризашылығын білдірді.

Сын сағатта халқымыздың мызғымас бірлігі айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлар, сарбаздар, жастар мен қоғам белсенділері көмекке келіп, еліміздің барлық аймағында арнайы штабтар құрылды. Олар жиналған гуманитарлық көмекті уақтылы аттандыруды ұйымдастырды. Игі істен біздің қала белсенділері де шет қалмады. Кәсіпкерлер, түрлі компаниялар мен ұйымдар, оқу орындары, волонтерлар мен қарапайым тұрғындар алыстағы ағайынға дер кезінде демеу болды – деді қала әкімі. Өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, жөнелтуге атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, игі іске жұмылған жандарға шынайы ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ Ғабит Сыздықбеков Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмаларын жергілікті жерде нәтижелі орындау мақсатында кешенді жоспар әзірленгенін жеткізді. Сонымен қатар көктемгі су тасқыны салдарымен күреске белсене қатысқан 12 азаматты Алғыс хатпен марапаттады.