«АТАҢА НЕ ІСТЕСЕҢ, АЛДЫҢНАН СОЛ ШЫҒАДЫ»

119

Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық акциясының төртінші –«Өнегелі ұрпақ» апталығы басталды. Апталықтың мақсаты–қаладағы жалғызілікті қарттарға, ардагерлерге, көмектесіп, жылулық сезімін жеткізу, сол арқылы басқаларға өнеге көрсету.

Үлкеннен – өнеге

«Ізетті зейнеткер» орталығының ұжымы «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында мекеме ауласында шөп қырқу, ағаш отырғызу, әктеу және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
– Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар шара. Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Орталықта жалпы 41 маман қызмет атқарады. Бүгінгі сенбілік жұмысына 10-нан аса қызметкер жұмылдырылды, – дейді «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мекемесінің директоры Нұржан Асанов.
Орталыққа келген демалушылардың сапалы ем алуы үшін жайлы орта, таза аула керек. Осы ұстанымды мақсат еткен ұжым әр апта сайын сенбілік жұмыстарын өткізуді әдетке айналдырған.

Кішіден – ізет

«Ізетті зейнеткер» мекемесінде «Өнегелі ұрпақ» тақырыбында жиын өтті. Іс-шараға «Фараби» халықаралық шығармашылық одағының төрағасы, ақын Құрал Көмек пен осы одақтың мүшелері, Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының бас маманы Айтбай Кенжебай қатысты.
Шығармашыл жандардың қатысуымен болған жиын ардагерлерге ерекше ұнады. Ақындар өлең оқып, әншілер ән айтып, әзілкештер қариялардың көңілін көтеруге тырысты. Ардагерлер шығармашыл топтың аузынан шыққан ойлы сөздерді үнсіздікпен тыңдап, әуезді әуендерді қосыла шырқап, шабыттанып отырды.
Сауықтыру орталығының мамандары алдағы уақытта осындай кездесулерді жиі ұйымдастыруға ниетті.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ