ШЫМКЕНТТЕ АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІНІҢ БАС КОНСУЛДЫҒЫ АШЫЛАДЫ

16

Шымкент қаласында Араб Әмірліктерінің Бас консулдығы ашылады. Аталған мәселе Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігімен бірлесе жүргізілмек. Бұл туралы Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров баспасөз мәслихатында айтып өтті. Ерлан Ермекұлының сөзінше, Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын насихаттау, туристік әлеуетін таныстыру мақсатында сыртқы байланыстарды дамытудың маңызы зор. Осы ретте, шетелдік дипломатия өкілдерімен және компаниялармен де біршама нәтижелі кездесулер өткен. Қазіргі таңда Шымкент 10 қаламен бауырлас қатынас орнатса, жыл соңына дейін қосымша 7 қаламен ынтымақтастық құруды жоспарлауда.  Оның ішінде: Қытайдың Далянь және Сиянь, Италияның Генуя қаласы, Әзірбайжанның Гянджа қаласы, Литваның Каунас қаласы, Болгарияның Пловдив қаласы, Татарстанның Қазан қалалары бар.

“Бірінші жартыжылдықта «Наурыз» және «Қала күні» сияқты мерекелер аясында «ДәмДәсTour», «Балмұздақ фест» гастрономиялық фестивальдерінен тұратын оқиғалар қатарын қалыптастыруға баса назар аударсақ, ал күзде талантты жастар мен туристік бизнесті қолдау үшін имидждік іс-шаралар құруда үлкен жоспарларымыз бар. Осы кезеңде «Shymkent Mobilography Fest» фестивалін, «Shymkent Tourism Awards» конкурсын, цитадельде лазерлік шоу, қолөнершілерді қолдау аясында «Этно Шымкент» фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз”, — деді Ерлан Ермекұлы.

Бүгінде Шымкент қаласына келуші туристер саны 6 айлық көрсеткіш бойынша 216 249 адамды құраған. Ал «экспресс-статистикалық» ақпаратқа сәйкес 9 айда шаһарға 300 000-ға жуық турист келетіні күтіліп отыр. Жалпы туристерді қабылдау көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы республикада Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші орында. Шет мемлекеттерден келетін туристердің басым бөлігін Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Қытай азаматтары құрайды. Туристер санының артуына Шымкент қаласынан тікелей бағыттағы әуе рейстердің көбеюі тікелей әсер етеді. Оның ішінде ішкі рейстер Нұр-сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Семей және Қостанай қалалары және Халықаралық бағытта Стамбул, Мәскеу, Анталия және Кутаиси қалаларына жүруде.

Сондай-ақ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірлесе Қазақстан бойынша әзірленген «NeoNomad 2022» гранд-турына Шымкент қаласынан «Shym qala» тарихи-мәдени кешені енгізілген. Аталған жобаның басты мақсаты — Қазақстан Республикасы ішінде туристер келуге ұсынылатын орындардың тізімін қалыптастыру. Туристер өз кезегінде аталған фотоспоттарда суретке түсіп (20 нысанда) «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ға жолдаса, «Қазіргі Заманғы көшпенді – NeoNomad 2022» атағын алады. Сонымен қоса, компания ұсынған заманауи бейнедегі «Kazakhstan» брендтік сағатына ие болады.

Айта кетерлігі, басқарма тарапынан да Цитадельде орналасқан фотозона бойынша да конкурс басталған. Дәл сол рамкада фотоға түсіп, #VisitShymkentNeo хэштегі мен @visitshymkent, @shymkent_tourism парақшаларын белгілеп және жазылған адам арнайы бағдарлама арқылы таңдалып, сыйлыққа ие болады.