«ХАЛЫҚТЫҢ БІРЛІГІ ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУҒАНДА АЙҚЫН КӨРІНДІ»

156

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясына Шымкенттегі Ассамблея мүшелері онлайн режимде қатысты.

Еліміздегі су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, Мемлекет басшысы биылғы сессияны онлайн форматта өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Сессияға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және ҚХА мүшелері, Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жастар қатысты.
Мемлекет басшысы халықтың бірлігі ел басына күн туғанда айқын көрінгенін атап өтті.
—Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтіп келеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ — ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар — бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясына Шымкенттегі Ассамблея мүшелері онлайн режимде қатысты.
Сондай-ақ сессияда ел бірлігі, тілімізге жанашырлық, жастар саясаты сынды өзекті мәселелер талқыланды. Сессияға қатысушы ҚХА мүшелері Президент берген тапсырмалар бойынша жұмыс істеп, қолдау білдіретіндерін жеткізді.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА