ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ҰРПАҒЫМЫЗ
9-мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай, Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен «Ақжайық» музыка мектебінде «Мәңгілік елдің ұрпағымыз» атты мерекелік іс шара болып өтті.
Шара үш тілде өтті. Мектептің мың бұралған биші қыздары қазақтың ұлттық биімен жиынның шымылдығын ашты. Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі желілік жоба «Қазақтың 100 күйі» жобасы аясында күмбірлете күй тартылып, әсем әндер де шырқалды. Арнайы қонақтар үшін мектеп оқушылары «90 жылдарға саяхат» деп аталатын сахналық қойылым қойып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, мектептің 6 айлық есебі бейнеролик көрсетіліп, оқушылардың баяндамалары тыңдалды.
Жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы және Түркістан ХББ НЗМ қамқоршылық кеңес мүшесі Жандос Шайдулла, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Қайсарбайқызы қатысты. Шарада мектеп директоры білікті де білімді деп танылған оқушыларды арнайы марапаттады.
Шара барысында 7-8-9 сынып оқитын зияткер оқушылардың өздері жасаған «Kazakh Video Editor» , «Топырақтың жандануы рөліндегі тамақ қалдықтары», «Қазақ анимациясы», «Көркем шығарманы ықшамдап жазудың пайдасы», «Квадраттық функцияның көмегімен қолданбалы есептерді шығару», «Геометриялық фигуралардың анимациясы», «Photoshop», «Пайдалы нанның құпиясы», «Ертегілерге арналған субтитрлер» және тағыда басқа жобаларынан көрме қойылды.