АНАСЫЗ ӨТКЕН БІР АПТА

825

АНАСЫЗ ӨТКЕН БІР АПТА

Тұрғанмен кейде ұнап та,
Мына «өмір» толы сынаққа.
Сырларын білмей, ескермей,
Кей-кейде жаттық құлап та.
«Сүрінбесін ботам» — деп,
Абай, Шәкәрім аталар,
Өлеңмен, сөзбен жеткізіп,
Олар да кеткен жыраққа.
Өлшеусізге бас иіп,
Мадақтар тау-тас, бұлақ та.
«Сахарда тұрып іздеген»
Иесіне жол тартты,
Әселхандай пырақ та.

Ақын-ғұмыр үзілді…
Аңсаймыз енді жүзіңді.
Қара бұлт қаптап әп-сәтте,
Артынша-ақ ауа қызынды.

Астан-кестең басталды,
Шыдамай жаным жасқанды.
Ел-жұртпен дала күңіренді,
Баладай жылап тастанды.

Сырт етіп өмір тоқтады…
Егіліп, елің жоқтады.
Тескілеп жатты жанымды,
Өкініштің шоқтары.

Бекем буып белімді,
Жасыммен жудым шерімді.
«Ой, бауырымдап» еңіреген,
Көрісіп күттім еліңді.
«Өлген жоқ анам» — деп қоям,
Тәннен жан ғана бөлінді.
Сенбесең де, сен мейлі,
Адам жаны өлмейді!
Өбектеп келіп тұрса да,
Перделі пенде көрмейді.
Пайғамбар айтқан осылай,
Келген ой деме тосын-ай.
Иманы кәміл үмбеті,
Қосылшы сенде досым-ай.
«Өлген жоқ анаң!» -де дағы,
Көтерші көңіл қошын-ай!

Тұрғанмен кейде ұнап та,
Мына өмір толы сұраққа.
Балаша бірде қуанып,
Аламыз өксіп жылап-та.
Қалауымен Алланың,
Әр сәтің толы сынаққа,
Үкіміңе бас идік,
Бізді де жеткіз мұратқа.
Дидарын көріп Раббыңның,
Шалқысын жаның жұмақта.
Нәсіп болсын жүздесу,
Нәбимен(с.а.у) «кәусар» бұлақта.
Үзбесін құран, дұғасын,
Ізіңде қалған құрақ та.
Шерімді жаздым өлеңмен,
«Шүкір» -деп осы сынаққа.
Түсім бе, өң бе белгісіз?,
Анасыз өтті бір апта.

11.07.2021
Құрманбеков Айбол