БАС МҮФТИ КӘСІПКЕРЛЕРДЕН АЗЫҚ-ТҮЛІК ПЕН МАЛ БАҒАСЫН ШАРЫҚТАТПАУҒА ШАҚЫРДЫ

0
1178

 

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жасады.

Бас мүфти Құрбан айтта орындалатын негізгі ізгі амалдың бірі – құрбан шалу екенін атап өтті. Сол себепті айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға сұраныс артады.

 

“Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін”, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

 

Ол Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін айтты.

Жаратушы Иеміз Құранда: “Өздерің жақсы көрген нәрсені Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер” (“Әл-Имран” сүресі, 92-аят) деп баяндаған. Сауаптар еселеніп жазылатын сәттерде Алла разылығы үшін елдің жағдайын ескеріп, тауар бағаларына жеңілдік жасап, әр отбасыға қуаныш пен мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысайық, деді бас мүфти үндеуінде.

 

Сондай-ақ Тағанұлы ҚМДБ қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруаларға қолдау көрсету үшін “Қиындықта ел бірге” атты қайырымдылық акциясын бастағанын мәлімдеді. Акция аясында Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жем-шөп жөнелтіледі.

Бас мүфти қазақстандықтарды осы игі іске үлес қосуға шақырды.

Биыл барша мұсылманның ұлық мерекесі – Құрбан айт 20-22 шілдеге түсіп тұр. Құрбан айттың бірінші күні 20 шілде – демалыс.