МӘСЕЛЕЛЕР ТЫҢДАЛДЫ, ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ҰСЫНЫЛДЫ

48

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Басқарма басшысының азаматтармен кездесуіне партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева қатысты.
Қабылдауға Қазығұрт ауданынан келген тұрғын І-топ мүгедегі екенін айтып, «Самғау» оңалту орталығына жату үшін сұралатын құжаттар жиынтығын азайту мүмкіндігін қарастыруды және өзінің денсаулық жағдайын ескере отырып, тұрақты жұмысқа орналасуға көмек беру мәселесін көтерді. Басқарма басшысы оңалту мекемелеріне ұсынылатын құжаттар тізбесі орталық мемлекеттік органдардың бұйрығымен бекітілген қағидаттарға сәйкес жүзеге асатынын түсіндіріп өтті және бұл құжаттар әрбір азаматтың жеке денсаулық жағдайы туралы ақпарат беретінін, сол құжаттардың негізінде оңалту процедуралары бекітілетінін айтты. Азаматтың ойынша артық талап етілетін нақты құжат атаулары көрсетілген жазбаша ұсыныс болса, оны қарау үшін министрлікке жолдауға көмек көрсетілетінін жеткізді. Азаматтың жұмысқа орналасу және бизнес жоспарына қолдау көрсету мәселелері бойынша Түркістан облыстық еңбек мобильділігі орталығы жәрдем көрсетеді деп шешілді.
Тұрақты жұмысқа орналасу сұранысымен келген тұрғындардың мәселесі еңбек мобильділігі орталығы арқылы шешілетін болды. Оның ішінде өтініш иесін жекеменшік медицина орталығына немесе жұмыспен қамту орталығына қоғамдық жұмысқа орналастыру, кенші мамандығы бар азаматты облыс көлемінде ашылған жаңа кәсіпорындарға жіберу, жасы 51-ге толған әйел азаматты «Күміс жас» жобасы шеңберінде жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша нақты жұмыстар атқарылатын болады. Басқарма басшысы Сауран ауданында психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы аяқталып жатқанын хабарлап, онда 40 адам жұмыспен қамтылатынын мәлімдеді. Осы мекемеге қажетті мамандарды жұмысқа қабылдауда жақын күндері бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтетінін айтып өтті.
«Бизнес бастау» жобасы бойынша грант алу мәселесімен жүгінген Сауран ауданының тұрғыны Шорнақ ауылынан барбершоп ашуды жоспарлағанын айтып, бизнес жоспарымен таныстырды. Жоспардың бекітілген талаптарға сәйкес әірленуін үйлестіруде еңбек мобильділігі орталығының мамандары көмек көрсететін болды. Ал Келес ауданынан хабарласқан тұрғын жолдасының ІІ-топ мүгедек екенін, оның қараушысы болып отырғанын алға тартып, үш жас баласы бар отбасы атаулы әлеуметтік көмек алмайтынын жеткізді. Заң талаптарына сәйкес, І-топатағы мүгедек азаматтардың ғана қараушысына бюджеттен қаржы төленетіні түсіндірілді. Атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасы мүшесінің ұсынылған жұмыс орнынан бас тартуы – осы төлемдердің тоқтатылуына негіз болатыны айтылды. Отбасының азық-түлік түрінде көмек алуына жағдай жасауда басқарма тарапынан Келес ауданының әкімдігіне тиісті ұсыныс берілетін болады.
Қабылдауға келіп, өтінішін білдірген Созақ ауданының кәсіпкері өз бастамасымен логодамыту орталығын ашқанын, онда қызмет атқаратын 3 маманға бюджет есебінен қосымша еңбекақы төлеу мүмкіндігін қарастырып беруді сұрады. Әсия Құралқызы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өз құзыреті шеңберінде әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарын ұсына алатынын, бірақ оған тартылатын азаматтар бекітілген талап бойынша жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет екенін аятты. Яғни, негізгі жұмыс орны бар азаматтар, бюджет есебінен қосымша ақы ала алмайтынын жеткізді. Кәсіпкер ашқан орталықтың қызмет аясы білім беру саласына жақын екенін айтып, осы қызметті атқаруға лицензия алған болса, жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс атқаруға болатыны жөнінде кеңес берді.
Қабылдаудың онлайн трансляциясы барысында тұрғындардың атаулы әлеуметтік көмекті алу шарттары, көпбалалы отбасыларды мемлекеттік қолдау шаралары, халықты жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың талаптары жөніндегі сауалдарына жауап берілді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі