АЗАМАТТАР ЗАҢГЕРЛЕРДІҢ КӘСІБИ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНДІ

43

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында «Құқықтық көмек» жобасы аясындағы кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Азаматтардың құқықтық мәселелерін тыңдауға, оларды қолданыстағы заңдар аясында шешім табуына арналған алаң облыстық партия филиалы Әйелдер қанатының және Түркістан облыстық әділет департаментінің бірлескен іс-қимылының нақты нәтижесін көрсетті.
Тұрғындар көтерген сауалдардың құқықтық реттеу тетіктерін түсіндіруге, әрбір мәселенің заңдық негізі жөнінде кәсіби құқықтық консультациялар жүргізуге, азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға арналған диалог алаңында Түркістан облыстық нотариаттық палатаның, полиция департаментінің, қоғам сұраныстарының ең көп бөлігін құрайтын салалар – Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, Түркістан қаласы әкімі аппаратының жауапты өкілдері қабылдау жүргізіп, қоғам сұраныстарына жауап берді.


«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы заң барлығына бірдей және мүмкіндіктер баршаға ортақ деген қағидатты берік орнықтыруға арналған. Көптеген азаматтар өз құқықтарын толық білмегендіктен, заңды мүдделерін қорғай алмай жатады. Әрбір мәселенің шешім табуының заңды жолы бар. Қоғамдағы өзекті деген мәселелердің бәрі шешімдерді бірлесіп іздеу нәтижесінде реттеледі. Бүгін партиялық алаңға келген кәсіби заңгерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелердің жауапты азаматтары сіздерді жеке қабылдап, мәселелеріңізді тыңдайды, ақыл-кеңестерін береді, құқықтық тәртіптерді түсіндіреді. Кейбір мәселелер бойынша дәл осы жерде шешім қабылдап, сіздерге нақты көмегімізді беретін боламыз. Әйелдер құқықтарына қатысты сауалдарыңыз болса, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі ретінде тыңдауға дайынмын», — деді Қалыйма Жантөреқызы.
Қабылдау барысында азаматтар жеке сот орындаушыларына қатысты шағымдарын білдірді. Заңды күшіне енген соттың шешімін орындауда мүлікті тәркілеу, келтірілген нұқсан шығындарын және алимент өндіруде жеке сот орындаушылардың баяу қимылына реніш білдірген тұрғындардың сауалдарына Түркістан облысы әділет департаменті басшысының орынбасары Негина Кылышпаева жауап берді, көтерілген мәселелердің шешім табуын бақылауына алды.
Сондай-ақ қабылдауға келген азаматтар банктік несие қарыздарын өндіруде атқару парағында өндіріп алынған қаржының соммасына қатысты түйткілдер, берешек қарызы өндіріліп отырса да, жеке банк шоттарының бұғаттауға жіберілуі, алаяқтық жолмен рәсімделген жылжымайтын мүлікке меншік иесі құқығын қайта қалпына келтіру, тұрғын үйден мәжбүрлеп шығару туралы сот шешімін бұзып, қайта қарау, еңбек қатынастары саласында туындаған дауларды шешудің заңды жолдары, жұмыс берушіден берешек қарыздарды мәжбүрлі түрде өндірудің құқықтық негіздері, мұраға қалған жылжымайтын мүлікті бөліске салу талаптары жөнінде кәсіби құқықтық кеңестер алды.
Азаматтар білдірген барлық сұраныстар облыстық партия филиалының бақылауына алынды, қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыруға қызмет ететін мұндай форматтағы кездесулер алдағы уақытта да тұрақты жалғасын табатын болады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі