БЕЙБІТШІЛІК – ЕЛ ТІРЕГІ

96

Адамзаттың асыл құндылықтарының бірі – бейбітшілік, келісім және тұрақтылық. Қай кезде болмасын адам тыныштықта, бейбіт өмір сүргісі келеді. Басқасын айтпағанда, өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысындағы қанды қырғынды басынан өткерген аталарымыз бен апаларымыз бейбітшіліктің қадір-қасиетін жақсы біледі. Екінші дүниежүзілік соғыс жеңіспен аяқталғалы бері елімізде бейбіт өмір орнап, тыныштықта өмір сүріп келеміз. Дей тұрғанмен дүние жүзіндегі басқа мемлекеттерде қарулы қақтығыстар, лаңкестік әрекеттер, соғыстар болып тұрады. Соғысты болдырмау үшін әлемдегі одақтар мен дүние жүзіндегі мемлекеттердің бейбітшілікті сақтау үшін өзара келісімі бар екендігін ескерсек, Қазақстан Республикасы осы бағытта үлкен жұмыстар атқарды.

Қазақстанда өтіп тұратын дін мәселесі жөніндегі съездер немесе басқа да халықаралық басқосулар осының айқын дәлелі. Жалпы, қазақтар ежелден-ақ тыныштықта, бейбітшілікте өмір сүруді басты мақсат еткен. Ұлтына қарамастан келген қонағына төрінен орын беріп, жылы-жұмсағын алдына қойып, құдайындай сыйлап жіберу – қазақ халқының бойына сіңген меймандостық қасиет. Қазыбек бише айтсақ, «Ешкімге соқтықпай жай жатқан», тірі пендеге қаскөйлік жасамайтын, бейбітшілік сүйгіш халық. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары Семей ядролық полигонының жабылуы дүние жүзіндегі айтулы оқиғаның бірі болды. Өйткені, мұндай жағдай бұрын ешбір елде болмаған еді.

Тіпті, үй ішінен үй тігіп, ынтымағы жарасқан мұсылмандардың арасына іріткі салып, бәзбір діни ағымдарды дін етіп көрсеткісі келетіндердің жымысқы әрекеті қоғамның бірлігіне әжептәуір зиянын тигізуде. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз хадисінде: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке-дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады.    Кімде-кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін», дейді. Ал Алла тағала қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа қатаң түрде тыйым салады. «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» («Мәйдә» сүресі, 64-аят) делінген. Тағы бір хадисте: «Кімде-кім бағынудан бас тартып, жамағаттан бөлініп кетсе әрі сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болып есептеледі», дейді. Шындығында, ислам – мейірім, сыпайылық, көркемдік және әдемілік діні. Ислам – жеке тұлғаның, отбасының, қоғамның, қала берді бүкіл ғаламның бақыты мен бейбітшілігін қалайтын дін. Үлкендерге құрмет көрсету, кішілерге мейірімді болу, ата-анаға бойсұнып, туған-туысқандармен жақсы қарым-қатынасты нығайту дініміздің нақ әмірі. Ал оны орындаған кісі кіші отаны болған отбасының бақытын қамтамасыз етеді. Өзіне, отбасына пайдалы болған әрбір жан өзі өмір кешіп жатқан алтын ұясы – отанының бейбітшілігін сақтай түседі. Отанының амандығын қалаған адам әлемнің бейбітшілігін тілері сөзсіз ақиқат. Кез келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені сөзсіз. Елінің экономикасын дамытып, халқының қауіпсіздігін нығайту арқылы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Өйткені, бейбіт өмір бақыт, береке, бірлік әкелумен бірге, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал ұрпағының амандығы келешегінің кемелдігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде.

 

Н.Сайлауов

Теолог маман