АРДАГЕРЛЕР МЕН ЖАСТАР СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ

43

Бүгін “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында орталық саябақта ардагерлер мен жастардың қатысуымен сенбілік өтті. Аталған шараға аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков арнайы қатысып, аудан орталығының жасыл желекке айналуына үлестерін қосты.

Жастар саябақтағы Ардагерлер аллеясында тазалық жұмыстарын жүргізіп, “Даңқ мемориалының”, “Желтоқсаншылар” мен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің айналасын ретке келтірді.

Өз кезегінде ардагерлер ағаштарды әктеп, жас көшеттердің түбін аударды.

Сенбілікке сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер де қатысып, саябақ ішіндегі каналдың айналасында санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізді.

Шара барысында аудан әкімі сөз алып, бұл бір күндік немесе бір айлық емес, жыл бойына жалғасатын тірлік екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ аудан көлемінде жүргізіліп жатқан сенбіліктерге тұрғындарды да белсене қатысуға шақырды.