ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА КӘСІПКЕРЛІК ДАМЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады. Сапар барысында сарыағаштық кәсіпкерлермен кездесіп, кәсіпкерлік саласындағы мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.
Ең алдымен өңір басшысы Сарыағаш қаласында орналасқан «Бәйтерек-Шымкент» ЖШС-нің кондитерлік өнімдер өндіретін кәсіпорынның жұмысымен танысты. Кәсіпорын иесі Нұржан Қожамбеков өңір басшысына кәсіпорынның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Кәсіпорынды дамытудың бірқатар жолдары ұсынылып, мемлекеттік қолдау көрсетудің бағыттары қаралмақ.
Бүгінде 50-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтыған цех, айына 70-80 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жоба құны 200,0 млн теңгені құрайтын цехта 40-қа жуық өнім шығарылуда. Қазіргі таңда өндірілген тәттілер еліміздің түкпір-түкпіріне ғана емес, сонымен қатар Әзербайжан мемлекетіне де жөнелтілуде.
«Южконд» брендімен кондитерлік өнімдер өндіретін цех 2014 жылы алғаш рет нарықтағы жұмысын бастап, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Жылдың үздік кәсіпорыны» номинациясымен марапатталған.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі