ӘЙЕЛДЕР МЕН БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА ҚАТЫСТЫ ЗАҢҒА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАРДЫ ТАЛҚЫЛАУ ЖИЫНЫ ӨТТІ

113

2024 жылғы 15 маусымнан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» Заң күшіне енді. Осылайша әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез-келген түрі үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірудің соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады және басқа да бірқатар өзгерістер енгізілді.

Осы бағытта Ордабасы ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға енгізілген өзгерістер бойынша талқылау жиынын өткіздік. Маңызды жиында аудандық сот төрағасы Алтай Қалықұл, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, ауданның бас дәрігері Болатхан Сағымбеков полицейлер мен сот-медициналық сараптама орталығының мамандарымен бірге күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасып, талқыланатын тақырып шеңберінде бірыңғай тәсілді әзірлеуге тоқталды.

Кездесу барысында қылмыстық кодекстің жаңа нормалары шеңберінде тергеуге дайындықты қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстарды тіркеу, қылмыстық істер бойынша тергеушілер мен анықтаушылар тағайындайтын сот сараптамаларының сапасын талдау және оңтайландыру, азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу мәселелері қаралды.