МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕ КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

26

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай, Бас прокурор Берік Асылов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Үкімет мүшелері, Астананың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдері, ұлттық компаниялар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жетекшілері, туризм секторындағы бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін тартымды сала екенін атап өтті.

– Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни, пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды.

– Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент айрықша назар аударуды қажет ететін бірнеше басым бағытқа арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін айтты.

– Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық парктер мен орман қорына тиесілі аймақтарда жер телімін бөлу мәселесі заң тұрғысынан қиындағанына байланысты бизнес өкілдері тарапынан шағым түсіп жатқанын атап өтті. Ал бұл ұзақмерзімді инвестиция салу, қарызға қаржы тарту және туризм инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін шектейді.

– Мысалы, туризм саласындағы 17 серпінді инвестициялық жобаның ішінде тек екеуі ғана ірі жоба екені мәлім болды. Бірақ оларға да бюджеттен қомақты қаржы құю керек. Соған қарағанда, Үкімет жобаларды өз қаржысымен жүзеге асыруға дайын инвесторлармен жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істей алмай отыр. Ал оларға керегі – тек инфрақұрылым жағынан қолдау. Туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының Бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн. Әлеуетті инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайды. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды.

Президенттің пікірінше, отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі – көлік инфрақұрылымының нашарлығы.

– Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қажет. Сондай-ақ теміржол стансаларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту қажет. Бұл – өте жедел атқаратын міндет. Автомобиль жолдарының сапасы да нашар. Әсіресе, шалғайда орналасқан демалыс аймақтарына көлікпен жету оңай емес. Тіпті, өте қиын. Тас жол жоқ деуге болады. «Астана – Алматы» бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдан бері созылып келеді. Бұл – Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстырып тұрған күре жол. Құрылысы аяқталмай жатқан тағы бірнеше жоба бар. Бұлар – Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Казталовка – Жәнібек бағыттары. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, жол жөндеу жұмыстарының сметалық құны жыл сайын қымбаттайды. Үкімет осы құрылыстарды биыл толық аяқтауы керек. Барлық бағыттар бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы демалыс орындарымен логистикалық байланыстың нашарлығы ішкі туризмге ғана емес, шетелдік қонақтардың да келуіне әсер ететінін айтты.

– Шетелдік туристердің 90 пайызына жуығы көршілес ТМД елдеріне тиесілі. Алыс шетелден келетін туристер әзірге аз. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, саяхатшылардың 70 пайыздан астамы ұшақпен 4 сағат айналасында жететін демалыс орындарына барғанды жөн көреді. Демек Қытай, Үндістан, Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстан өте тартымды болуы мүмкін. Бұл ретте шетелдік туристердің ұлттық менталитетімен, олардың мүддесімен және сұраныстарымен санасып, өзіндік ерекшеліктерін ескерген жөн. Бүкіл туристке бір бағдарлама ұсынуға болмайды. Ол үшін жоғары білікті мамандар керек және сапалы жұмыс істеу қажет. Алдағы бес жылда елімізге келетін туристер санын екі есе, тіпті үш есе арттыруға мүмкіндігіміз бар. Әуе тасымалы саласын дамыту қажет. Ең алдымен, танымал әуе бағыттарындағы лоукостерлердің санын көбейту керек. Қазір Қазақстанның жолаушылар тасымалы құрылымындағы лоукостерлердің үлесі – небәрі 21 пайыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, Грузия мен Әзербайжанда бұл көрсеткіш 56 және 37 пайызды құрайды. Сонымен қатар бизнес әуе тасымалы нарығында ұдайы өзгерістерге тап болып отыр. Тіпті оған бейімделіп үлгермейді. «Атамекен» палатасының мәліметі бойынша биыл Алакөл бағытындағы әуе рейстері субсидиясыз қалды. Бұл туралы туристік операторлар маусым басталар алдында ғана білді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланғанын еске салып, көрші елден туристерді көбірек тарту үшін мәдени әлеуетімізді пайдалану, шекара маңындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беру маңызды екеніне назар аударды. Бұл ретте Үкіметке шекаралас аймақтардың әкімдерімен бірлесіп, елді мекендерді туристер қабылдауға дайындау, Бақты және Көлжат бақылау-өткізу бекеттеріндегі жаңғырту жұмыстарын тезірек аяқтау, сондай-ақ Қазақстанға келген шетелдік туристердің қауіпсіздігін ұдайы бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берілді.

Президент туристік аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісінде де түйткілдер көп екеніне тоқталды.

– Туристік базаларда энергия қуатының өзі жетіспейді. Сол себепті демалушылар көбіне жарықсыз қалады. Соның салдарынан адамдарға қатер төнеді. Сондай-ақ өрт шығу қаупі бар, тұрмыстық техника жарамсыз болып қалады. Кәсіпкерлер құралдардың істен шығуына және азық-түліктің бұзылуына байланысты зор шығынға батады. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, курорт аймақтарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісіне тексеру жүргізуге тиіс. Туристік орындарды инженерлік инфрақұрылыммен, соның ішінде электр энергиясымен, кәріз жүйесімен, тазарту құрылғыларымен, ауызсумен және кіреберіс жолдармен қамтамасыз ету үшін арнайы бюджеттік бағдарлама қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің барлық өңірде бір мезетте 20 туристік аймақты дамыту жоспарын сынға алып, мұндай тәсіл тиімсіз екенін, мемлекеттің шектеулі ресурсын зая кетіретінін мәлімдеді. Президенттің пікірінше, Қазақстан туризмінің жаһандық деңгейдегі төлқұжатына айналуға лайық анағұрлым перспективті нысандарды қысқа мерзім ішінде ретке келтірген жөн.

– Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау жағажай туризмі және Щучье-Бурабай курорттық аймағы ең қолайлы бағыттар саналады. Алматы – Қазақстан туризмін дамытудың басты орталығы. Жалпы туристер легінің төрттен бірі, соның ішінде шетелдік туристердің жартысы осы қалаға тиесілі. Бірақ қаланың туристік инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан нөпірге төтеп бере алмайды. Демалыс және мереке күндері Шымбұлаққа келушілер саны оның өткізу мүмкіндігінен 2,5 есе асып кетеді. Сондықтан тау шаңғысы кластерін, оның ішінде Алматы облысындағы Түрген шатқалында жыл бойы жұмыс істейтін тау курортын салу арқылы одан әрі дамыту өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Үкіметке Маңғыстау облысының әкімдігімен бірге Каспий жағалауындағы туризм инфрақұрылымының сапасын арттыру үшін қонақ үй және мейманхана бизнесінің әлемдік брендтері мен франшизаларын тартумен белсенді айналысуды, жағалаудағы курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Дубай мен Баку қалаларының тәжірибесін ескере отырып, Ақтау қаласының Бас жоспарын қайта қарауды, Ақтауға Алматыдан, Ақтөбеден, Шымкенттен және Атыраудан қатынайтын әуе рейстерінің санын арттыруды, «Жылы жағажай» аумағындағы жобаларды жыл соңына дейін аяқтауды, сондай-ақ Кендірлі демалыс аймағын дамыту ісін жеделдетуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы тұмса табиғат, тарихи және мәдени ескерткіштер біздің бірегей байлығымыз екенін атап өтті.

– Бурабай Астанадан алыс емес. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтары бұл жерге жиі барады. Туристер саны жылдан жылға артып келе жатыр. Дегенмен онда инфрақұрылым салу жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Соның салдарынан жергілікті демалыс орындарындағы экологиялық ахуал әлі де күрделі. Жергілікті билік маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын созбалаңға салып отыр. Мысалы, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асырылған жоқ. Бұл құжат сонау 2012 жылы қабылданған. Жоспар бойынша 126 миллиард теңге бөлінуге тиіс еді. Іс жүзінде 35 миллиард теңге берілген. Бұл – көзделген қаржының небәрі 28 пайызы. Он жылдан астам уақыт өтті. Бірақ демалыс орнында тазарту қондырғылары орнатылған жоқ. Су желілері мен жылу көздерінің құрылысы да толық бітпеген. Үкімет, Президент Іс басқармасы және облыс әкімдігі осы жобаларды көпке созбай, қысқа мерзімде аяқтауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Үкімет пен жергілікті әкімдікке «Бурабай» курортының аумағында орналасқан «Ақбура», Жөкей көлі, Қатаркөл, Текекөл және басқа да жаңа туристік аймақтарды дамыту, Бурабай аймағына Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен қалаларынан жедел қатынайтын пойыздарды іске қосу, Президент Іс басқармасы әзірлеп жатқан «Burabay Travel» бірыңғай цифрлық платформасында маңайдағы туристік аймақтарды түгел қамту міндеттері жүктелді.

Мемлекет басшысы Қазақстан туризмін насихаттау үшін заманауи құралдарды белсенді қолдану қажет деп санайды.

– Еліміз туралы қызықты мәліметтерді ғаламдық ақпарат кеңістігінде кеңінен таратқанымыз жөн. Туризмді дамыту үшін Қазақстанда өтетін ауқымды халықаралық шараларды толығымен пайдалану керек. Биыл елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл дода төл дәстүріміздің, мәдениетіміз бен спортымыздың үйлесім тапқанын көрсетеді. Бірақ әлемдік медиа-кеңістікте бұл туралы ақпараттар өте аз деуге болады. Мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайды. Шетелден туристер тарту үшін елімізді барынша таныту керек. Халықаралық ірі медиа-компаниялармен тығыз жұмыс істеу қажет. Сыртқы істер министрлігіне осы шаруаны пысықтауды тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, экология мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, туризмді дамытамыз деп, табиғатқа зиян келтіруге болмайды.

– Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты. Әрине, азаматтардың экологиялық сауатын көтеру де маңызды. Осыған орай Мәдениет, Экология, Оқу-ағарту министрліктері нақты шараларды қолға алуға тиіс. Бұл бағытта ағартушылық жұмыстармен ғана шектелуге болмайды. Кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар жиында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Көлік министрі Марат Қарабаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, «Accor» қонақүйлер желісінің ТМД бойынша бас директоры Алексис Деларофф, «Orient Finance Group» компаниясының акционері Руслан Шаекин, «PANA Group» компаниясының тең құрылтайшысы Нұржан Ниязалиев, «SkyWayTravel» туристік компаниясының директоры Әсем Қозбағарова сөз сөйледі.