КЕҢ АУҚЫМДЫ ЖИЫНДА КҮННІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

83

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының мәжіліс залында Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық депутаттық фракциясының және партияның өңірлік филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының бірлескен жұмыс жиыны өтті. Партиялық алаңда өткен жиынға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Сансызбайұлы Жолдасов, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Абишов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін уақытша атқарушы Қалыйма Жантөреқызы Жантөреева, Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының фракция мүшелері, партиялық бақылау комиссиясының өкілдері, бірқатар басқармалар мен департамент басшылары, партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.

Облыстық мәслихаттағы партиялық депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасары Алмас Салимовтың төрағалығымен өткен жиында партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында қамтылған міндеттердің орындалуы, облыс көлемінде орныққан аптап ыстық кезеңде өрт қауіпсіздігін қамту, табиғи апаттың алдын алу жұмыстарының барысы, алдағы жылыту мауысымына дайындық іс-шаралары, шыбын-шіркей мен шегірткеге қарсы күрес жұмыстарының атқарылуы, денсаулық сақтау, медициналық қызмет саласындағы даму индикаторларының орындалуы қаралып, талқыланды.

Сайлауалды бағдарламаның Жол карртасында қамтылған тармақтардың орындалуы бойынша Түркістан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің есебі тыңдалды. Басқарма басшысы аталған құжаттың 4 негізгі бағытын құрайтын 136 индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы жөнінде ақпар берді. Оның ішінде, «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118 мың тұрақты жұмыс орнын құру

жоспарланса, жыл басынан 51,6 мың адам жұмысқа орналасқанын мәлімдеді. Өңір экономикасының негізгі саласы болып табылатын ауыл шаруашылығында өнім көлемі 225,7 млрд. теңгені құрайтынын атап өтті. «Ауыл аманаты» жобасы іске асыруға биылғы жылға 10,6 млрд. теңге бағытталғанын атап, 1215 жоба қаржыландырылатынын жеткізді. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» Ұлттық жобасы аясында 2024-2026 жылдары 105 инвестициялық жобаны іске асыру көзделгенін мәлімдеп, жаңадан 8300 жұмыс орындары құрылатынын атап өтті.

Басқарма басшысының есебін тыңдаған аманаттық өкілдер әлеуметтік нысандар құрылысы, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытындағы іс-шаралардың орындалуы бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

Ауа райының қолайсыздығымен туындап отырған жоғары өрт қауіптілігінің алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар туралы Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бекболат Турекуловтың хабарламасы тыңдалды. Департамент өкілі орман, дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын баяндады. Жоспарға енген 43 тармақтың 37-сі бекітілген мерзімдеріне сәйкес орындалғанын және 6 тармақтың орындалуы департамент тарапынан қатаң бақылауға алынғанын мәлімделді. Дайындық жүргізу барысында биылғы жылғы 15-16 мамыр аралығында «Өрт-2024» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуы өткенін, оған жеке құрамнан 488 адам қатысып, 76 техника жұмылдырылғаны хабарланды. Ал, 30 мамырда Түркістан облысының төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Қызылорда облысындағы әріптестерімен бірлесе трансшекаралық өрт-тактикалық оқу-жаттығуларын өткізгені айтылып, оған біздің облыстан 34 адам мен 8 техника қатысқаны мәлімделді.

Департамент өкілі келтірген деректер бойынша, Түркістан облысында барлығы 12 орман шаруашылығы ұйымдары жұмыс жүргізеді. Облыстағы орман қоры жерлерінің жалпы ауданы 3 млн. 453 мың 441 га, оның ішінде орманды алқабы 2 млн. 405 мың 332 га, ормансыз алқабы 1 млн. 048 мың 109 га. құрайды Осы орман шаруашылықтарында жалпы 22 өрт сөндіру автокөліктері мен 50 бейімделген қосалқы техникалары, 3 тонналық суы бар 45 тіркемелі бөшкелер, 45 мотопомпа, 398 өрт сөндіру құралдары, 1944 өрт сөндіргіш, 48 өрт бақылайтын биік мұнаралары және 362 адамды құрайтын ерікті өртке қарсы құрылымдарымен бірге өрт-химиялық стансаларымен қамтамасыз етілген.

Өрт қауіптілігі кезеңінде жеке тұлғалар мен көлік құралдарының мемлекеттік орман қоры аумағына кіруін шектеу бойынша рейдтік іс-шараларды жүзеге асыру үшін құрамында азаматтық қорғау, полиция, жергілікті атқарушы органдар және ормандарды қорғау мекемелерінің қызметкерлерінен жасақталған 14 бірлескен мобильді топ құрылған. Осы топтармен 255 рейд жүргізіліп, өрт қауіпсіздігін бұзғаны үшін 176 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ жиын барысында шомылу маусымындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.

Жиынның күн тәртібіне қойылған келесі мәселе – 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындықтың барысы жөнінде Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков хабарлама жасады. Облыс көлемінде бұл бағыттағы дайындық жұмыстары бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес атқарылып жатқанын мәлімдеген басқарма басшысы, барлық іс-шаралардың орындалуы өңірлік штабтың тұрақты назарында екенін жеткізді. Облыстағы отын-энергетика кешендерінің дайындығын қамтамасыз етуге жалпы 17,2 млрд. теңге бағытталған. Бүгінгі күнге бюджеттік мекемелердің қазандықтары үшін көмір сатып алу жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Облыс тұрғындарына қажетті көмір жеткізуде темір жол тұйықтарында 40 мың тонна көмір жинақталғанын жеткізді. Тұрғындарға көмір тасымалдаумен 27 жеке кәсіпкер айналысатынын атап өтіп, олардың қызметі жүйелі бақылауға алынғанын атап өтті. Кентау қаласындағы №5 Жылу энерго орталығындағы қазандықтарды жөндеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайында толық мағлұмат берді.

Сондай-ақ жиын барысында Руслан Мұздыбеков Сырдария өзені бойындағы елді мекен аумақтарында шыбын-шіркейге қарсы дезисекция шараларының атқарылу барысы жөнінде де есеп берді. Шіркейдің қаптауы өңіріміздегі өзекті мәселелердің біріне айналғанын айтқан басқарма басшысы, Сырдария өзені бойынан шіркейдің 8 түрі анықталғанын мәлімдеді. Оның үшеуі кең тараған түріне айналғанын және олардың дернәсілдері, қуыршақтары оттегіге бай ағын суларда, ірілі-ұсақты өзендерден бастап майда бұлақтарға дейін тіршілік ететінін жеткізді. Ал, ағысы жоқ суда, көлдерде, бөгендерде тіршілік ете алмайтынын айтып, шіркейдің қауырт көбеюіне Көксарай контррегуляторының әсері қандай болғанын әлі де анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Биылғы жылы Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Отырар, Шардара, Мақтаарал, Келес аудандарында дезинсекция жүргізу аймақтары алдын ала белгіленгенін атап өтті. Дезинсекция жұмыстарын атқару міндетін «Satti Tulik» ЖШС-гі өз мойнына алса, ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын атқаруға «Защита-растений-К» ЖШС-гі белгіленген. Шіркейдің даму сатыларын бақылау жұмыстары биылғы жылы ақпан айынан басталған. Дернәсілдермен күресуде биологиялық препараттарды суға жіберу әдісі қолданылса, су қорғау аймақтарында, жағалаудағы ағаштардың бұталары мен елді мекен, демалыс аймақтарында химиялық өңдеу әдісі қолданылуда. Бақылау нәтижелері бойынша 11 наурыздан бастап Сырдария өзеніне бактицид биологиялық препараты Шардара қаласынан бастап Балтакөл елді мекені тұсы аралығында әр 60 шақырым сайын құйылған. Түркістан, Кентау, Арыс қаласында және Шардара, Отырар, Сауран, Келес аудандарында химиялық барьерлік залалсыздандыру жұмыстары атқарылған.

Шіркеймен күрес жүргізу мәселесі депутаттар тарапынан қызу талқыға түсті және бұл жұмыстарға ғылыми әлеуетті жұмылдыру мәселесі айтылып, оның орындалуын ерекше бақылауда ұстау керектігі назарға алынды.

Жиынның күн тәртібінде зиянкестердің тағы бір түрі – шегірткелермен күрес жүргізу мәселесі де қаралып, бұл бағытта қолға алынған шаралар жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрбол Бекмұратовтың есебі тыңдалды. Инспекция басшысы берген ақпаратқа сәйкес, облыс көлемінде аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 9 аудандағы 271,6 мың гектарға жоспарланып, бүгінге нақты 261,9 мың гектарда атқарылған. Жоспардың орындалу деңгейі 96 пайызға жеткен. Қазір Қазығұрт ауданында қалған 8 мың гектарда жөне Төлеби ауданында 2 мың гектарда химиялық өңдеу жұмыстары атқарылуда. Облыс бойынша егістік алқаптарындағы зиянкестермен химиялық күрес шараларына 364 адам және 115 техника жұмылдырылған. Оның ішінде жер үсті бүріккіштерімен 153,7 мың гектар, ұшақпен 107,4 мың гектар, дронмен 0,7 мың гектар, аспалы бүріккішпен 0,2 мың гектар өңделген. Жұмсалған препараттар 32,1 мың литрге немесе 1,6 мың килограммға жеткен.

Облыстық мәслихаттағы партиялық фракция депутаттары қарастырған келесі мәселе – Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы туралы есебі болды. Өңірдің денсаулық сақтау саласын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған Асхан Марқабайұлы, Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымы 45 мемлекеттік мекемеден, 756 салалық ұйымнан және 130 жеке меншік мекемелерден, оның ішінде 36 емхана мекемелерінен тұратынын мәлімдеді. Барлық медициналық мекемеге – 2 060 903 адам тіркелгенін, оның ішінде жеке меншік ұйымдарда — 340 мың адам тіркеуге алынғанын жеткізді. Медициналық ұйымдарда – 35 714,75 штаттық бірлікте қызметкерлер жұмыс істейтінін айтқан басқарма басшысы, биылғы жылдың бес айында облыс халқына 15 307 002 клиникалық-диагностикалық қызметтер көрсетілгенін, 307 812 жедел жәрдем шақыртулары орын алып, 784 санавиация шақыртулары бойынша қызмет көрсетілгенін атап өтті. Осы кезеңде 5 млн.-нан астам амбулаторлық көмек түрлері, 200 мыңнан астам стационарлық медициналық көмек түрлері көрсетілгенін, оның ішінде 18 693 медициналық оталар жасалғанын мәлімдеді. Кадрлар даярлау бойынша 2023 жылы бейінді мамандар даярлау үшін резидентураға 60 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 650 грант бөлінгенін атап өтіп, биылғы жылы резидентураға 139 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлауға 600 грант қаралғанын айтты.

Осы және өзге де салада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған басқарма басшысына депутаттар тарапынан аудан, қалалардағы медициналық ұйымдардың қызмет сапасы, жаңа медициналық ұйымдар салу, оларды білікті медициналық кадрлармен қамту, ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдарды қажетті жабдықтармен және дәрі-дірмекпен қамту мәселелері бойынша ұсыныстарын білдіріп, бақылауға алуын тапсырды.

Жұмыс жиынының қорытындысын шығарған Алмас Салимов бүгінгі отырыста облыс тұрғындары тарапынан жиі көтеріліп жүрген, қоғамдық маңызы бар мәселелер қаралғанын жеткізді. Әрбір мәселе бойынша айтылған сын-ескертпелер, ұсыныстар мен пікірлер сайлаушыларымыз тарапынан көптен бері көтеріліп жүрген мәселелер екеніне назар аударып, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан олардың орындалуы жүйеленеді деген сенімін білдірді. Жиын қорытындысымен қабылданатын құжатта өзекті мәселелердің барлығы қамтылып, депутаттар тарапынан да, партияның өңірлік филиалы тарапынан да олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткзді.