ШЫМКЕНТТІҢ ЕРІКТІ ЖАСТАРЫ ҚАЙЫРЫМДЫ ІСТЕРГЕ БЕЛСЕНДІ ҮЛЕС ҚОСУДА

199

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді халқымыз. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кеңпейілділік. Ал, қайырымдылық – адам бойындағы ерекше бір қасиет. Ол ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетінің, сүйіспеншілігі мен қамқорлығының айқын белгісі. Қайырымдылық жасау – әр адамның қолынан келетін іс. Сондықтан әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте сақтаған абзал.

Адамның жасаған игі істерінің бәрі оның ақыл-ойы мен жүрек жылуының көрінісі. Жаныңда жүрген жандардың қуанышын бөлісіп, қиындығына ортақтаса алсаңыз, қазақ халқына тән ұлттық қасиетіңіз бен көрегендігіңіздің жемісі деп біліңіз. Жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсете алу – адамның адамдық белгісі. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар қатары көбейіп келе жатқаны қуантарлық жағдай. Қайырымдылық жасау мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отырған аса игілікті іс болып отыр.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ұлттық волонтерлер желісі» заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесіп, «Игі істер марафоны» жобасын бастады. Жоба волонтерлік және қайырымдылық қызметке үлес қосқысы келетін қазақстандықтарды біріктіруге арналған. Марафонның алғашқы аптасы экологияға мәселесіне арналады.
Осы күндері қаламыздың «Жасыл ел» жасақтары мен ерікті жастар марафонға белсене қатысып, тазалықтың жаршысы болып жүр. Жуырда сол жастарымыз Қошқар ата өзені бойына сенбілікке шықты. Тазалық науқаны барысында марафоншылар ағаштарды әктеп, орындықтарды сырлады. Аяқ жолдар мен өзен айналасын қоқыстан тазартты.
«Жасыл ел» жасақтары жастары осындай жобаның жүзеге асып жатқанына дән риза. Жаңа орта, жаңа достар тауып, қала тазалығына шын ықыласпен үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысы волонтерлікпен айналысу қазақ халқының бойында бар асыл қасиет екенін еске салып, ата салтымызды қайта жаңғыртудың сәті келгеніне тоқталған болатын. Қ.Тоқаев «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету», – деген еді.
Шымкент қаласының ерікті жастары Президлентіміздің осынау ойын қорлдап-қуаттап, қайырымдылық марафонына белсенді қатысып жатқаны қуантады.
Айта кетейік, Жоба аясында күнтізбедегі маңызды күндерге, халықаралық және түрлі әлеуметтік және мәдени тақырыптарға арналған «Жақсылық апталығы» мен жыл сайынғы тақырыптық іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Тақырыптар атауы жыл сайын өзгеріп отырады. Бұл жастардың түрлі әлеуметтік жобаларға қатысуына мүмкіндік береді.