ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ ЖАҢА СТАДИОННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Бұл нысан Орта Азия елдеріндегі ең үлкен, заманауи стадион болмақ. Архитектуралық ерекше дизайнмен салынатын арена мегаполистегі сәулетті орындардың біріне айналады. 35 мың көрерменге лайықталған кешенде әлемдік доп додаларын өткізуге барлық жағдай жасалынбақ. Ауқымды жобаның құрылысы кестеде бекітілген уақыттан ауытқымай жүргізілсе, екі жылда аяқталады.
Стадион құрылысының капсуласын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және «Ордабасы» клубы бапкерлері мен ойыншылары бірге салды. Тарихи сәтте қала әкімі бұл нысанның маңыздылығына тоқталды.
– Жуырда Мемлекет басшысына қаланың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беруім барысында мегаполиске заманауи стандартқа сай стадион қажеттілігін баяндаған болатынмын. Президентіміз биыл жаңа стадионның құрылысын бастау туралы нақты тапсырма берді. Бұл аренаны Шымкент қаласында салу кездейсоқ қабылданған жоқ. Оңтүстік өңірі қашан да өзінің спорттық жетістіктерімен, таланттарымен танымал болғанын мақтанышпен айтып өткім келеді. Іргетасы қаланатын жаңа стадион Шымкент спортына жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жеңістер сыйлайды деп сенеміз,– деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит
Сыздықбеков.
Жаңа спорт кешенінің аумағы – 21 гектар. Стадион жобасы FIFA және UEFA талаптарына сай әзірленуде. Трибуналар Англиядағы ареналардың үлгісіндей жасыл алаңға жақын орналасады. Табиғи көгал төселеді. Жаттығу базасы осы кешенннің құрамында болады.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбековтың айтуынша, жаңа аренаға 40-45 млрд. теңге бөлінеді деп жоспарланыпты. Жаңа арена салынып біткен соң «Қажымұқан» алаңы реконструкциядан өтеді. Бұл жер «Ордабасының» қосалқы стадионы және жеңіл атлетикадан ұлттық команданың жаттығатын орнына айналмақ.
– Жаңа стадион Қаратау ауданының Тұран-2 шағынауданынан салынады.. Жоспар бойынша бюджеттен 40-45 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Жаңа заманауи стадионның пайда болуы қала тұрғындарының футболға деген қызығушылығын тудыра отырып, жанкүйерлерге ойын кезінде шабыт сылайды деп күтеміз. Сондай-ақ, әлемдік додаларды өткізуге, соның ішінде туризмнің дамуына ерекше серпін береді,– дейді Маратбек Мықтыбеков.
Жаңа арена салынып біткен соң «Қажымұқан» алаңы реконструкциядан өтеді. Бұл жер «Ордабасының» қосалқы стадионы және жеңіл атлетикадан ұлттық команданың жаттығатын орнына айналмақ.