«БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР» ОРТАЛЫҚТАРЫ КҮНІНЕ 800-ДЕЙ ҚАРИЯҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

211

«Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жариялаған «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам» атты Жолдауында осылай деді. Болашаққа бағытталған байыпты бағдарлар қатарында денсаулық сақтау саласына да айрықша назар аударылған. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, 2025 жылға қарай халықтың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту жоспарланған. Ал Шымкентте қарттардың саулығын жақсартып, белсенді өмір сүруіне қолдау жасайтын «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары жұмыс істейді. Орталықтың жұмысымен танысып, қарияларымызбен жүздесіп қайттық.

Еуропа елдерінде қарттардың белсенділігін жоғалтпай, олар үшін түрлі үйірмелер мен клубтар ашу, сол арқылы зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүруге деген құлшынысын арттыру жұмыстары жүйелі қолға алынған. Бұл зейнет жасындағы жандардың ғұмырының ұзақ болуына, денсаулығы мен күш-қайратының артуына да әсер етері сөзсіз. Сол сияқты біздің елімізде де қарттардың белсенді өмір сүруін қамтамасыз ететін орталықтар жұмыс істейтінін біреу білсе, біреу білмейді. Жалпы «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ең алғаш Шымкент қаласында 2019 жылы ашылған. Бүгінде мұндай орталықтар Қазақстанның 7 өңірінде жұмыс істеп тұр. Бұл – Мемлекет басшысы тапсырмасының жергілікті жерлерде орындалып жатқанының бір жарқын көрінісі.
Қазіргі таңда Шымкентте «Белсенді ұзақ өмір» орталығы және оның 2 бөлімшесі күніне 800-дей зейнеткерді қабылдайды. Орталыққа келушілерге жоғары және бірінші санатты дәрігер кардиолог, терапевт, невропатолог және физиотерапевт дәрігерлері қызмет көрсетеді. Сонымен бірге емдік денешынықтырудан бастап, тұз шахтасы, бассейн, йога, би, бильярд, үстел теннисі, шахмат, тренажерлық жаттығулар да қарастырылған. Қызмет алушылардың кино, сенсорлық бөлме, кітапханада демалуға да мүмкіндіктері бар.

 

–Ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгінде орталықта 800-ге жуық зейнеткер арнаулы әлеуметтік қызмет түрін алып жатыр. Қызмет алушылар орталыққа келгенде міндетті түрде бірінші дәрігерлік тексеруден өтеді. Дәрігердің нұсқаулығымен әркім өзіне қажетті спорт түрімен шұғылданып, ән-бимен күндерін көңілді, белсенді өткізуге барлық жағдай жасалған. Аптасына бір күн таза ауа күні белгіленіп, дендросаябаққа барып, дене шынықтырумен және йогамен айналысады. Жыл сайын қаламызда өтетін марафондар мен спорттық бәсекелерде де қарттарымыз белсенділік танытып, тіпті үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Бос уақытында үйде отырмай, осында келіп, өзімен үзеңгілес жандармен әңгімелесіп, шахмат ойнап, домбыра тартып, тарих жайлы пікірлеседі. Кейбір қарияларымыздың компьютерді үйренуге деген талпынысы жоғары. Бұл жаңашылдықтан қалып қоймай, заманауи өмірге бейімделудің бір түрі ғой. Осы жақсы бастаманың нәтижесінде қарттардың жасы ұзақ болып, болашақ ұрпаққа берер тәрбиесі мен айтар ақылы көп боларына сенімім мол, — дейді «Белсенді ұзақ өмір орталығының» басшысы Мауия Сахибекқызы.

 

Мекемеде тіпті тілдерді меңгеруге жағдай жасалған. Зейнет жасына шыққан ата-әжелеріміз де шет тілдерін кеш те болса, ыждағаттылық танытып үйренеді. «Зейнеткерлерге тіл үйрену қиынға соғып жатқан жоқ, ең бастысы ниеті мен ынтасы бар. Білім алу ешқашан кеш болмайды. Сондықтан үлкен апа-аталарымыздың белсенділігі көз қуантады» дейді орталықтың мамандары. Орталықта аналар қолөнерге көбірек көңіл бөледі екен. Мұнда шеберлер тоқу, бисермен кестелеу бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі, дәстүрлі қазақ тігін техникаларын және зергерлік бұйымдарды дайындауды үйретеді.
– Мен 45 жыл ұстаз болдым. Осы орталық жайлы естіп, былтырдан бері тұрақты келіп жүрмін. Көбісі зейнетке шықаннан кейін не істеу керектігін білмейді ғой?!. Өткен жылдан бастап белсенді орталыққа келіп, өмірге құштарлық артты деуге де болады. Өзіміз секілді жандармен қарым-қатынас орнатып, аралас-құраласпен қызықты іс-шараларға қатысып келемін. Тіл үйренемін, тоқыма тоқимын. Осындағы замандастарыммен концерт, театрларға барып тұрамыз. Орталықта ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырылады. Жақында ақиық ақынымыз М.Мақатаевтың туған күнін атап өттік. Сол жерде мен өлең оқып, өзімнің жаңа қырымды таныттым. Бір-бірімізге бауыр басып, іздеп, сағынып қаламыз, – дейді орталықта қызмет алып жүрген 69 жастағы ардагер Гүлсім Әшірбекова.
Ал зейнеткер Перизат Алшабеваның орталықтың қызметін алып жүргеніне үшінші жыл болған. Ол мамандардың еңбегіне риясыз алғысын жеткізді.
– Бұл бастаманы мемлекетіміздің зейнеткерлерге жасаған қамқорлығы деп деп білеміз. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейді дана халқымыз. Қарттар белсенді болса, елімізге де, халқымызға да пайдасы тиетіні айқын. Үйдегі бала-шағаның бәрі таңнан кешке дейін жұмыста болады. Немерелер балабақша, қосымша сабақ деп кетеді. Содан үйде зерігіп отырмайын деп орталыққа келіп, таңертең бірінші кітапханаға келіп, газет-журналдарды шолып шығамын. Мұндағы мамандардың барлығы кішіпейіл, жағдайымызды жасайды. Бір-бірімізбен шүйіркелесіп, бір үйдің адамдарындай татумыз, — дейді зейнеткер Перизат Алшабаева.

 

Созақ ауданынан мегаполиске қоныс аударған Нұралы атамыздың алғашында қалаға бой үйретуі оңай болмаған. «Белсенді ұзақ өмір» орталығы замандастарымен қауыштырған.
–Созақ ауданынан қаладағы баламның үйіне көшіп келіп, осы орталық жайында естідім. Ауылдың тіршілігіне үйренген маған қалада қиын болар деген қорқыныш болды. Дегенмен осы жерге келіп, замандастарыммен кездесіп, бір жасап қаламын. Күнделікті дәрігердің қарауында, қан қысымын тексертіп, керек болып жатса емін аламыз. Аптаның әр жұмасында таза ауа күні, қаланың саябақтарына барып спортпен шұғылданамыз, – дейді Нұралы Битабаров.
Расымен орталыққа келушілердің жүздері жадыраңқы, жүрістері ширақ. Ата-апаларымыздың шүйіркелесіп, бірге теннис, шахмат, дойбы ойнағанына қызыға қарадық. Қартын сыйлаған, анасын ардақтаған ел азбайды, тозбайды. Ондай үрдісті біз ұрпақтан ұрпаққа жалғап, сабақтастырып отырсақ, ұтарымыз көп. Қазыналы қарттарымыз көп болсын, аман болсын!