ІЗГІЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ

163

Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесі – күллі парсы және түркі жұртының мерейлі мерекесі. Мұсылмандықты, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастарқан жайып, қонақ күтіп, батасын береді.

Береке бастауы

Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Бұл күні араздасқандар адамгершілік, ренжіскендер рақымшылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Алла тағала қасиетті Құранда «Кешірім жолын ұстан» деп бұйырғандықтан, осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімге, татулыққа ұйысады. Жері кең, саны аз қазақ халқына ауызбіршілік қашанда ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз керек. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуа¬лыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят) деген. Бірлігінен айырылған елден береке қашады. Жаратушы Алла Құран Кәрімде бізді бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Аллаһтың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» (Әл-Ғимран сүресі, 103-аят). Ал пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» дей отырып, біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген. Сондай-ақ Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді.

Әрқашан кешірімді болыңыз

Дініміз әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Бұл шын мәнінде, халықтығымызға, елдігімізге ежелден бері өте жақын мәселе десек, артық айтқандық емес. Ол жайында Қасиетті Құран Кәрімде былай айтылған: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199).
Ислам бізден үй ішінен үй тігуді не¬месе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады.
Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мына бір хадисінде: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7).

Батаңыз қабыл болсын

«Батаменен ер көгереді, жаңбырменен жер көгереді» деп халқымыз текке айтпаған. Осы орайда мына хикаяны айтып өтуді жөн санаймыз.
Әбу Ханифаның атасы Зұта ардақ¬ты сахаба Әлимен (р.а) кездесіп, баласы Сәбитке игі тілек тілеуін өтінеді. Сонда ардақты сахаба Әли (р.а) Жаратқан Алладан оның ұлына жақсылық, құт-береке тілеп, дұға етеді. Сол шынайы жасалған дұға қабыл болып, Сәбиттен әлемге мәшһүр Әбу Ханифа атымен аталатын Нұғман есімді дүниеге ұл келеді. Бұл да болса «жақсыдан – шарапат» деген сөздің дәлелі болса керек. Сондықтан осындай айтулы мереке күндері үлкен кісілерден бата алуға тырысқан абзал.

Сыйлық беруді ұмытпаңыз

Екі дүние сардары – Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әрбір амал-әрекеті – адамзат үшін асыл мұра, адастырмас ақиқат жол екені даусыз. Ендеше, сүйікті пайғамбарымыз жа-саған әрбір амал-әрекетті қайталау – біздерді сауапқа кенелтері сөзсіз.
Сүннеттердің ішіндегі ең нәзігі – сыйлық жасау дәстүрі. Бұл адамдардың арасында достық пен сүйіспеншілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер», деген хадис жеткізген (Байһақи).
Сыйлық жасау үшін аса көп қаражат жұмсаудың қажеті шамалы. Кітапша, орамал, тақия, шапан, гүл, қаламсап сияқты қарапайым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне немесе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тастайтыны белгілі. Наурызда кәде-сыйлық жасауды ұмытпайық.

Сәлемге сараңдық жасамаңыз

Ата-бабаларымыздың: «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді», «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем – сөз басы» деген насихаттары сәлем берудің ма-ңызын айшықтай түседі. Сәлем – бұл араб тіліндегі «Ас-Сәләм» сөзі, мағынасы «тыныштық, бейбітшілік, амандық-есендік» дегенді білдіреді
Сәлемдесу – Жаратушы Жаббар Жалғыз Иеміз Алланың үйреткен есендік сөзі. «Ас-Сәләм» – Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең әлсізі – дұғаға әлсіздік еткені (яғни қажетін Алла тағаладан тілеу ісіне селқос қарағаны). Адамдардың ең сараңы – сәлемге сараңдық еткені» (имам Таба¬рони және Имам Бәйһақи), – десе, Әбу Заррдан (р.а.) жеткен хадисте: «Расулулла (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)маған: «Шариғат оң көрген әрбір іске, тіпті бауырыңды жайдары жүзбен қарсы алудың өзіне немқұрайлы қарама», деді» (имам Мүслім).
Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Көлікте отырған адам – жаяуға, жүріп келе жатқан – отырғанға, азшылық – көпшілікке сәлем береді», делінген. Мінеки, мұсылмандық сәлемдесу үлгісі – жай айтылған сөз емес, амандасып тұрған адамға тіршілігінде, әрбір ісінде Алла Тағаладан есендік, амандық, берекет тілеу болып табылады.

Сауабы мол іс

Халқымыздың тарапынан Наурыз мерекесiнде адамдарға ғана емес, табиғатқа да ерекше қамқорлық жасалған. Ол жөнінде дана халқымыз: «Бір тал кессең, он тал ек» деген қанатты сөз қалдырған. Мұны Ислам дiнi ерекше қолдайтын дәстүр деуге бола¬ды. Асыл дiнiмiзде табиғатты аялау және оны қамқорлыққа алу жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануаржесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» (Бухари риуаяты).

Наурызкөже дін жоралғысымен үндеседi

Қазiргi күндерi Наурыз мерекесiн «жақсы бидғат» деп тануға бола ма деген сыңайдағы сұрақтар жиі кездеседі. Ханафи мазхабының шарттарымен Наурыз мерекесiн жақсы бидғат деп тануға толық негiз бар. Себебi, атақты Имам Ағзам құқықтық мектебiндегi үкiм берудiң жетi қайнаркөзiнiң бiрi – әдет-ғұрып.

 

Үкiм берудiң «әдет-ғұрып» қағидасы бойынша, ислам жаңадан енген елдiң бұрынғы салт-дәстүрлерi ислам негiздерiне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады әрi мұсылман құқығының үкiмi ретiнде қарастырылады. Бүгiнгi дәстүрiмiздегi Наурыз мерекесiнiң исламға ешқандай ала-бөтендiгi жоқ. Мәселен, Наурыз мерекесiнде дайындалатын наурызкөженiң ислам мәдениетiндегi «ашура тәттiсiмен» мазмұны бiр.
Нұх (ғ.с.) кемеден қауымымен жерге түскенде дорбаның түбiнде там-тұмдап қалған түрлi дақылдарды қазанға салып пiсiрiп, содан «ашура тәттiсiн» жасаған. Әрбiр жылы мұсылмандар Ашура мерекесi күндерi «ашура тәттiсiн» жасап, бiр-бiрiн қонақ етедi. Қазақтар да Наурыз мерекесiнде қыстан қалған дорбаның түбiндегi дәнді-дақылдан наурызкөже дайындап, бiр-бiрiне дәм таттырады. Яғни қазақтың наурызкөже дайындау дәстүрi Ислам дiнiнiң жоралғыларына негiзделген.

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласы бас имамының орынбасары